Бүгін UEFA Еуропа лигасының биылғы жеңімпазы анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Финалда «Манчестер Юнайтед» (Англия) мен «Вильярреал» (Испания) командалары кездесті. Ойын Польшаның Гданьск қаласындағы «Энерга Гданьск» стадионында болды.
Кездесу екі команданың алма-кезек шабуылымен өрбіді. Есепті 29-минутта испаниялық Жерар Морено ашты. Оған 55-минутта ағылшындық клуб сапынан Эдинсон Кавани бір голмен жауап қайырды.
Негізгі кезеңде 1:1 есебімен тең аяқталды. Ойын овертаймға ұласты. Овертаймда да жеңімпаз анықталған жоқ. Пенальти тебуде «Вильярреал» клубының жолы болып, турнирдің жеңімпазы атанды.
Айта кетсек, «Манчестер Юнайтед» аталған турнирде 2016/2017 жылғы кезеңде чемпион атанған еді. Ал «Вильярреал» финалға тұңғыш рет шығып отыр.
Еске салсақ, жартылай финалда «Манчестер Юнайтед» Италияның «Рома» командасын (6:2, 2:3) артқа қалдырса, «Вильярреал» Англияның «Арсенал» клубының (2:1, 0:0) осал тұсын тапқан болатын.