13 там, 2021 сағат 00:38

Еуропа лигасы: «Қайрат» «Алашкертке» жол берді


Бүгін UEFA Еуропа лигасы үшінші іріктеу сатысында алматылық «Қайрат» сырт алаңда Арменияның «Алашкерт» командасынан жеңіліп қалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Екі команда арасындағы алғашқы кездесуде 0:0 есебі тіркелді. Сондықтан олардың бірі бүгін жеңіске жетуі тиіс болатын. 

Ойынның бірінші кезеңінде екі команда бір-бірден гол соқты. Алдымен «Алашкерт» ойыншысы Жозе Эмбало 43-минутта есеп ашса, оған қазақстандық Айбол Әбікен 45-минутта бір голмен жауап қайырды. 

Екінші кезеңде Жозе Эмбало 50-минутта тағы бір голдың авторы атанды. Ал 61-минутта «Қайраттың» шабуылшысы Артур Шушеначев таразы басын теңестірді. Ойын овертаймға ұласты. Овертаймның 103-минутында армениялық клубтан Александар Глишич қайтадан «Алашкертті» алға шығарды. Осылайша «Қайрат» қарсыласына 2:3 есебімен жеңілді. Енді қазақстандық клуб Конференция лигасы плей-офф сатысында сынға түседі. 


Екі команда 2015 жылы Еуропа лигасы екінші іріктеу сатысында кездескен еді. Өз алаңында қазақстандық клуб 3:0 есебімен жеңсе, сырт алаңда 1:2 есебімен есе жіберді. Нәтижесінде қазақстандықтар жарысты жалғастырған. 

Алматылық команда биыл еурокубокты Чемпиондар лигасында бастаған болатын. Алматылық команда бірінші іріктеу сатысында Израильдің «Маккаби» (Хайфа) командасын (2:0, 1:1) орта жолда қалдырып кетті. 

Одан кейін Сербияның «Црвена Звезда» командасына (2:1, 0:5) есе жіберіп қойды. 

Еске салай кетейік, бұған дейін елордалық «Астана» өз алаңында Финляндияның КуПС командасынан жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалса, Қарағандының «Шахтері» Украинаның «Колос» командасын орта жолда қалдырып кетті.