Футболдан Еуропа чемпионатының финалдық сатысының топтық кезеңі үшінші турында Италия мен Уэльс кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Еске сала кетейік, аталған екі құрама А тобында сынға түседі. Қарсыластары – Швейцария мен Түркия.
Алғашқы екі турда Италия құрамасы Түркия мен Швейцарияны 3:0 есебімен жеңді.
Ал Уэльс Швейцариямен 1:1 есебімен тең түссе, Түркиядан 2:0 есебімен басым түсті.
Бүгінгі ойында италиялық футболшылардың басымдығы байқалып тұрды. Нәтижесінде Маттео Пессина 39-минутта есеп ашты.
Сөйтіп, Италия қарсыласын 1:0 есебімен жеңді. Олар топтық кезеңде ұпай жоғалтқан жоқ.
Италия мен Уэльс те жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Енді 1/8 финал ойындары 26-29 маусым күндері өткізіледі.
Ойындар дүбірлі дода тарихында тұңғыш рет Еуропаның 10 мемлекетінде орналасқан 11 стадионда өтуде. Бұл Еуропа чемпионатының 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған.
Футболдан Еуропа чемпионаты 11 маусымда басталды, 11 шілдеде мәресіне жетеді.