Қазақстан Республикасы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, яғни 1991 жылдың 16 желтоқсанында өзінің тәуелсіздігін жариялай отырып, өз мемлекеттілігінің салыстырмалы түрде алғанда өте қысқа кезеңінде үлкен әлеуметтік, саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асырды және Орталық Азиядағы аса маңызды елдің біріне айналды. Қазақстан жан басына шаққандағы ІЖӨ-ін 700 АҚШ долларынан 13 600 АҚШ долларына дейін арттырып, елдегі даму мен тұрақтылықтың негізінде өзінің мақсатын айқындап алды және бәсекелестік тұрғысынан алғашқылардың қатарында алдына әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің сапына қосылу міндетін қойды.
Бүгінде Қазақстанда тұрақтылық пен түсіністіктің арқасында түрлі этностық топтар мен діни сенім-нанымдағы адамдар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, достықтың темірқазығын бекемдей түсуде. Ал елдегі Қазақ халқы санының үлесі 65 пайызды құраса, жалпы тұрғындар 17 миллионнан асып жығылады. 2014 жылы Қазақстан жаһандық бейбітсүйгіш индексінің жыл сайынғы көрсеткіші бойынша 99-орында тұрақтаса, өткен жылы 86-орынға, ал биыл тіпті 75-орынға көтерілді.
Бейбітшілік пен тыныштықтың және тұрақтылықтың негізіндегі дамуының нәтижесінде Қазақстан өткен 20 жыл ішінде шетел инвесторлары үшін, қарапайым тілмен айтқанда, тартылыс орталығына айналды десек, қателеспейтініміз анық. Осы орайда Қазақстанға құйылған тікелей шетел инвестицияларының көлемі 200 миллиард АҚШ долларына жетіп отыр.
Сыртқы саясаттағы мультиперспективалы тиімділік
Қазақстан көпқырлы және бейбітсүйгіш сыртқы саясат ұстанып келеді. Мәселен, елдің Ресеймен шекарасы 14 мың шақырымға созылып жатыр. Қытаймен және басқа да елдермен шекараласады. Астана олардың барлығымен стратегиялық қарым-қатынас ұстана отырып, өзінің байланыстарын АҚШ-пен, Еуропа елдерімен және Ислам әлемімен нығайтуды да ұмытқан емес. Осы салада теңдестірілген маңызды саясат жүргізіп келе жатқан Қазақстан бұрынғы Кеңес Одағы республикаларының ішінде, Ислам әлемі елдерінде алғаш болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. Ислам ынтымақтастығы ұйымына басшылық жасады.
Енді ЭКСПО-2017-нің иесі ретінде осы халықаралық үлкен шараны өткізуге жан-жақты дайындық үстінде. ЭКСПО-ның өзінің ауқымы жөнінен әлемдегі үшінші шара болып саналатынын қаперге сала кетейік. Аталған халықаралық мамандандырылған көрмеге 5 миллионнан астам адам келеді деп күтіліп отыр. Осы мақсатта қазіргі кезде негізгі тақырыбы «болашақтың энергиясы» болып табылатын жаңа да заманауи көрме орталығының құрылысы салынуда. Ел астанасының қақ төрінде орын тепкен көрме алаңы ЭКСПО-2017 аяқталған соң елдің бас қаласының көрме туризмі нысаны ретіндегі шебін нығайта түсетін болады. Бұл табыстардың барлығына Қазақстан өңірдегі алғашқы ел болып қол жеткізіп отыр.
Тарих пен туризм елі
Соңғы кездері түрлі елдер, оның ішінде Қытай да бар, тарихи Жібек жолын қалпына келтіруге күш-жігер жұмсап жатыр. Ал Қазақстан Жібек жолы маршрутында өзгенің назарын өзіне стратегиялық және геосаяси орналасуымен аударады және жерасты қазба байлықтары тұрғысынан келгенде әлемдегі аса бай елдердің қатарынан саналады. Мәселен, Қазақстан мұнай мен табиғи газ қоры бойынша әлемде 12-орын алады. Қуат көздерінен түскен пайданың арқасында елде кең көлемді құрылыс жұмыстары қанат жайып, жолдар мен көпірлер салынды.
Туризм саласында да айтарлықтай табысқа жеткен Қазақстан туристердің назарын өзінің бірегей археологиялық туындыларымен де өзіне аударып отыр. Қазіргі таңда елде 9 мыңнан астам тарихи туындылар бар деп есептеледі. Түрлі облыстар мен қалалардағы көптеген туындылар ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша жүзеге асырылып келе жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында қазақтың тарихы мен мәдениетінің танымалдығы әлемде барған сайын арта түсіп отыр.
Әлемде Назарбаевтың алар орны айтарлықтай
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – көпқырлы және өңірлік ауқымнан асып кеткен көшбасшы. Бүгінде ол тек өз елі ғана емес, бүкіл өңірдің тұрақтылығы мен дамуында шешуші рөл атқаратын тұлға болып табылады. Назарбаев қол жеткізген деңгейді түсініп, оны келесі ұрпаққа беру үшін бұл көшбасшының бірегейлігіне екпін түсіру керек. Назарбаев тәуелсіздік жарияланбай тұрып, КСРО депутаттарының съезінде былай деген болатын:
«Ел демократияландыру туралы әдемі сөздерге қақалып-шашалып жатқан кезде, бір үзім нан үшін Еуропаның бай «үстеліне» көз сүзу басталған тұста мұндай саясатпен еш келісе алмаймын. Қазақстан ешқашан ешбір өңірдің қолтығында кетпейді және ешқашан біреудің інісі болмайды». Назарбаев, сондай-ақ, жаңашылдыққа жаны құштар көшбасшы ретінде Сингапурдың, Оңтүстік Кореяның, Малайзия мен Түркияның үлгі-өнегесімен рухтанды. Ол өзінің білімін экономика, тарих, саясат және ғылымның басқа да салаларында тереңдете түсіп, елдің 2030 жылға дейінгі даму жоспарын түзді. Осы арада елдің ынтымақтастыққа, интеграцияға, тұрақтылық пен бейбітшілікке негізделген сыртқы саясатының іргетасын қалады.
Шын мәнінде, Қазақстан қуаты жөнінен әлемдегі төртінші ядролық держава еді. Алайда, Мемлекет басшысы сарабдалдық танытып, Семей ядролық сынақ полигонын жауып қана қоймай, қолдағы ядролық арсеналдан да өз еркімен бас тартты. Белсенді іс-қимыл танытқан Назарбаев, сонымен қатар, өзінің көрегендігінің арқасында экономика мен әлеуметтік саладағы көптеген көкейкесті проблемаларды дер кезінде еңсеруге қол жеткізді. Назарбаевтың осы қыры Қазақстанның қандай да бір ішкі жанжалдарсыз ілгерілеуіне мүмкіндік берді.
Сонымен бір мезгілде, Нұрсұлтан Назарбаев симбиотикалық көшбасшы деуге лайық іс-әрекеттер де таныта білді. Аталған түсінік әкімшілік өмірге тірі организмдер арасындағы үйлесімділікті нышандайтын термин ретінде бейімделген болатын. Осылайша ол, қалайтын болсаң, әлемде барлық діндер мен этностарға бейбітшілік пен келісімде өмір сүре алатындай жағдай жасауға болатынын айғақтап, осынысымен бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды. Аталған үдеріс Назарбаевтың әлемдік саяси сахнада көреген көшбасшы ретіндегі шебін шын мәнінде нығайта түсті. Сөйтіп, өңірде дамудың Назарбаев қолданған әдістері мен тәсілдері Шығыс пен Батысты біріктіретін интеграциялық үдерістердің тартымдылығы үшін алғышарт жасады. Осы негізде Ресей, АҚШ және Қытай секілді жаһандық ауқымдағы күштер қазақ даласында теңдей тиімділік қағидаты бойынша кездесуге мүмкіндік алды.
Тұрақтылық пен қауіпсіздіктен асқан биік мақсат жоқ
Әлемдегі экономикалық сілкіністер, сондай-ақ, мұнай бағасының түсіп кетуі ЕурАзЭҚ елдерінде, тұтастай алғанда Қазақстан экономикасында да, белгілі бір деңгейде қиындықтар туғызып отыр. Алайда, «Орталық банк» пен «Самұрық-Қазына» қорында жинақталған сенімді ұлттық резервтің болуы аталған үдерісті салыстырмалы түрде жеңіл еңсеруге мүмкіндік туғызуда. Бұл арада Президент Назарбаевтың аталған қорды құра отырып, жаһандық деңгейде осындай ықтимал төтенше жағдайлардың орын алуы мүмкін екендігін ескергені аңғарылады. Мұнайдан тысқары секторларды жандандыру бойынша қолға алынып жатқан бастамалар табысты жүзеге асырылған жағдайда, яғни экономиканың тиімділігін арттыратын жобалармен қатар, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған іс-шаралар өз нәтижесін беретін болса, таяу болашақта Қазақстанның орнықты даму мен өсу мақсаттарына қарай сенімді түрде қадам басатыны күмәнсіз.
Экономикалық тұрақтылық пен экономиканың секторларын әртараптандыру елдің саяси және әлеуметтік тұрақтылығы мен тұтастығын бұзғысы келетін белгілі бір топтардың мысық тілеуіне тиісті жауап болып табылмақ. Назарбаевтың көшбасшылығымен Қазақстанның бүгінде Орталық Азиядағы, егер кең ауқымда қарастыратын болсақ, бүкіл Еуразиядағы шешуші мемлекет болып отырғанына көз жеткізесің. ЕурАзЭҚ-тың беріктігі және өңір елдерінің сыртқы әлеммен интеграциялануы бірінші кезекте Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуына тәуелді. Демек, Қазақстанға қарсы бағытталған терроризм мен өзге де қатерлердің қаупін жою бүкіл Еуразияның басымдығы болуы тиіс.
Куршад ЗОРЛУ,
«Yeni Cag» газетінің журналисі