Бүгін елордадағы «Көрме» орталығында «Eurasian Book Fair-2019» ІV Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің ашылды. Бұл шара 27 сәуірге дейін жалғасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Елордамызда төрт күн өтетін ІV Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне жиналған жұртшылықты көргеніме қуаныштымын. Біз бүгін Еуразия аумағындағы маңызды мәдени шараның куәгері атанып отырмыз. Кітап форумын өткізу - еліміздегі әдебиет саласының ғана жетістігі емес, ол барлық кітапсүйер қауымның мерекесі», - деп атап өтті салтанатты іс-шараны ашқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
«Eurasian Book Fair» - еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі еліміздегі іскерлік және гуманитарлық әріптестікті дамыту және нығайту мақсатында ТМД, Еуропа және Азия елдерінің баспа, кітап саудасы ұйымдарын, мәдени және білім беру орталықтарын үлкен зияткерлік алаңға біріктіретін аса ірі кітап форумы.
Бұл көрмеге 13 мемлекеттен келген 90 компания қатысуда. Оның ішінде Ресей, Әзербайжан, Тәжікстан, Армения, Қырғызстан, Түркия, Қытай, Иран, Польша, Бельгия, Латвия, Украина, Өзбекстан бар.
Жастар жылы аясында жас авторлардың қатысуымен «Ашық әңгіме» ақындық марафон, кітаптық әңгімелесу (book talks), әдебиет клубының отырысы, «Кітапты қалай тиімді оқу керек?» тақырыбына арналған шеберлік сыныптары, танымал ақын-жазушылармен автограф-сессиялары ұйымдастырылады. Олардың ішінде балалар кітабы Бүкілресейлік фестивалінің директоры және жазушы Юрий Нечипоренко, «Кит плывёт на север», «Совиный волк» кітаптарының авторы Анастасия Строкина бар.
Шара аясында танымал мәдениет қайраткерлері, жазушылар және ақындармен кездесулер ұйымдастырылады. Олардың арасында жас ақын Мерген Тоқсанбай мен Қазақстан Республикасының Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет бар.
Көрме-жәрмеңкенің алғашқы күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың «Шәкәрім» атты кітабының тұсауесер рәсімі болды. Шараны академик Дихан Қамзабекұлы жүргізіп отырды. Жиында бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерлері автордың «Шәкәрім» еңбегіне қатысты ой-пікірлерін білдірді.
Өз кезегінде сөз алған Е. Сыдықов сан тілге аударылған еңбектің арғы-бергі тарихына тоқтала келіп, жағымды жаңалық - сүйінші хабарды жария етті. Атап айтқанда, ағымдағы жылы «Құнанбай» атты кітабы Ресей елінен «ЖЗЛ» сериясы бойынша жарық көрмекші.