17 там, 2016 сағат 16:08

Етегіне ел сыйған Едіге би

Ата тарихымызға көз салар болсақ, Арқа өңірінде жасап өткен дала даналарының бірі–Едіге би Төлебайұлы екенін байқаймыз. Едіге сол замандағы көшпелі қазақ қоғамының айтулы қайраткері, ақылман биі, аузы дуалы шешені. Оның кісілік келбеті мен адами болмысы жайлы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы жан-жақты жазып кеткен.

Он төрт жасында ат жалын тартып мініп, ел ісіне араласқан Едігенің бар ғұмыры қазақ арасындағы таусылмайтын дау-дамайдың, руаралық қақтығыстың арасында өткен. Сол аумалы-төкпелі заманда ағайынға оң жол сілтеп, қалың бұқараға басшы бола білген Едіге би Төртуыл-Сүйіндік елінің панасы мен данасы атанған адам. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының қаламынан туған «Едігенің алғашқы билігі», «Едігенің Тоғаспен құда болуы», «Едігенің көрген түсі», «Едігенің соңғы билігі» деп аталатын этнографиялық әңгімелерден оның айшықты тұлғасын, адами бітімін қапысыз тануға болады.

Едіге бидің шешендік, ақылмандығынанан басқа, әулиелік қасиетіне де таң қалмасқа болмайды. Өз кіндігінен тараған ұлдары дүниеге келердің алдында түс көріп, олардың өмірде қандай адам боларын болжап біліп отыруы да екінің біріне біте бермейтін қасиет. Бұл әңгімелердің барлығы Мәшһүр-Жүсіп бабамыздың кейінгі жылдары жарық көрген шығармалар жинағында жарияланған соң, қайталап жатуды жөн көрмедік. Іздеген адам болса, 2007 жылы шыққан 12 томдығынан, 2013 жылы шыққан 20 томдығынан таба алады.

Едіге би жөнінде айта кететін тағы бір жайт, қазақта «тектілік» деген түсінік бар. Қайсыбір адамның көңілден шығар ісін көрсек, «е, оның тегінде бар ғой» деп жатамыз. Бұны қозғап отырғанымыздың себебі, көптеген тарихи тұлғалардың елден ерек қасиеті (батырлығы, шешендігі, көріпкелдігі, әулиелігі т.б.) өзінің көзі жұмылғасын балаларына немесе ұрпақтарына дарымай, үзіліп қалып жатады. Ал, Едігенің өзінен басталған тектілік үзілместен ХХ ғасырдағы ұрпақтарына дейін жеткен. Мысалы, өз кіндігінен тараған, қазақ тарихындағы кесек тұлғалар Шоң мен Торыайғыр билердің өздері бір-бір төбе. Одан кейінгі Сұлтанмахмұт Торыайғыров, Шәйбай Айманов, Шаймерден Торыайғыров, Қамар Қасымов, Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетаевтар әрқайсы бір-бір кітап арнайтын адамдар. Едіге бидің тегінің асыл екенін осыдан-ақ байқауға болады.

 Ерейменде Едіге неге жатыр?

Осы әңгіменің бәрін қозғауға себеп болып отырған жайт, үстіміздегі тамыз айының 12-сі күні Ерейментау жеріндегі Елтай ауылының іргесінде жатқан Едіге би Төлебайұлының басына тас орнатылып, бейті көтеріліп, ас берілді.

Ел арасындағы қайсыбір білместер «Ерейментауға Едіге қайдан барыпты, оны қалай дәлелдейсіңдер?» деген сынды теріс пікірлер айтуы мүмкін. Жасыратыны жоқ, ондай кертартпа пікірлер айтылып та жүр. Сондықтан Едігенің Ереймен жерінде жатуы жайлы бірір сөз айта кеткенді дұрыс көрдік.

Бір қызығы, Ерейментау өңірінде, Сілеті бойында жерленген жалғыз Едіге би емес. Одан 10-15 шақырым сәл жоғары, Шорман өзенінің бойында Қаржас Шорман би Күшікұлыны зираты жатыр. Ол жерден 10-12 шақырым жоғары Айдабол-Малқозы Олжабай батыр Толыбайұлының бейті тұр. Ерейментаудың Қарағайлысындағы Балықты көлдің жағасында Күлік-Сексен Көтеш ақын Райұлы жерленген. Сілетінің бойында Күлік-Шобалай Жанақ әулие Жаңабатырұлы жатыр. Ерейментауға кіреберіс Малтабар ауылынан 3-4 шақырым төмен Үшмырзаның көлінің (қазір Тамдыкөл деп аталады) жағасында Айдаболдың Едігеден тараған үш мырзасы Төкі Шоңұлы, Добан Шаржауұлы, Шоркен Ақынұлы және Күлік-Тілеуімбет Өтеміс абыз Жанайдарұлы жерленген.

Ол ол ма, Ақмола облысының (бұрынғы Көкшетау облысының аумағы) Еңбекшілдер ауданындағы Мәдениет ауылының іргесінде Торайғыр би Едігеұлы мәңгілік мекен тапқан. Біздер 2014 жылы сол жерге арнайы барып, дұға оқып, Торыайғыр бабамыздың басына Баянның тасынан белгі қойып келдік. Бұл іске демеуші болғандар екібастұздық Совет Келдібаев (Айдабол-Істікмұрт атасынан) деген ағамыз бен Едігенің тағы бір ұрпағы, белгілі журналист, марқұм Амангелді Қаңтарбаев ағамыздың ұлдары Ардақ пен Таңнұр Қаңтарбаевтар еді.

Ал, енді Сүйіндік балалары ол жақта қалай жерленген деген десеңіз, сонау замандарда, анығырақ айтсақ, Ақтабан шұбырындыдан соң, Орта жүз тайпалары Арқа жерін біржола қоныс еткеннен кейін, Баянауылдағы Сүйіндік-Төртуыл елі бір ғасырға жуық жаз жайлауға Ерейментау-Сілетіден асып, қазіргі Ақсу, Степногорск қалаларынан әрі Көкшенің тауларына дейін шығып жүрген. Орманшы балалары одан әрі асып, батысқа қарай бұрылып, қазіргі Ақмола облысының Ақкөл ауданындағы Домбыралы-Моншақты тауларына дейін барыпты. Бұл жөнінде толып жатқан ауызекі әңгімелер мен Алматыдағы Орталық мемлекеттік мұрағатта құжаттар жетерлік. Біздер «Ерейментау» (2008), «Қызылтау–құтты мекен, киелі аймақ» (2011), «Қанжығалылар» (20015) деп аталатын кітаптарымызда бұл деректер жайлы жан-жақты жазғанбыз. Оның үстіне Сүйіндік елінің талай жылдар сол өңірді жайлағаны жайлы Мәшһүр-Жүсіп бабамыз да молынан әңгімелейді. Және күні бүгінге дейін Ерейментау мен Көкшетау өңірлерінде: Шәкей, Олжабай, Едіге, Шорман, Тайбай, Ақмырза, Итемген-Мамайдың көлі секілді тікелей Сүйіндік еліне қатысты топонимдер жетерлік.

Ал, енді Едіге би жерленген Елтай ауылының тарихи атауы–Едіге. Сол арадан Едіге деп аталатын шағын өзенше ағып өтеді. Ауылдан 5-6 шақырым жерде орналасқан темір жол станциясының атауы да Едіге. Отызыншы жылдары бұл жерде алғаш колхоз құрылғында, ауылға сол кездегі Қазақстан компартиясы ОК-нің хатшысы Елтай Ерназаровтың аты берілген екен. Бүгінде ауылдың ақсақалдары қанішер Елтайдың есімін ауылдан алып тастап, Едіге деген тарихи атауын қайтару керек деп жатыр.

Сол күнгі жасаған шаруамыз кейін дау-дамай тудырмас үшін, 1898 жасалған мына бір картаны да ала бардық. Осы картада «речка Едигей», «могила Едигей», «могила Чорман» деп тайға таңба басқандай анық көрсетілген.

Ел бар да ұмытылмас ер есімі

Біздер Ерейментауда жатқан Едіге бидің басын қарайту туралы мәселені көтергелі де оншақты жылдың жүзі болып қалған. Бірақ шынын айтқанда, ешкім құлақ аса қоймап еді. Сонымен, биылғы көктемде газет шаруасымен Баянауылдағы Жаңатілек ауылына жол түскенде, сол жердегі азаматтарға тағы да құлаққағыс еткем. Көп ұзамай Алдан Кәрібайұлы атты бауырымыз бастаған жаңатілектік жігіттер менімен хабарласып, бәріміз Ерейментаудағы бабаның басына барып, дұға етіп, сол жердегі ресми орындарға кірдік. Аудан әкімінің орынбасары Абай Әлжанов біздің ұсынысымызды қуана қабылдап, қолдан келген көмегімізді аямаймыз дегені, бұл талабымызға тіпті қуат бергендей болды. Сөйтіп өткенде Жаңатілек ауылындағы Алдан Алтынбек, Сембай Адамбеков, Алмас Батталов, Мұрат Жұмаділов, Ермұхаммет Ахметжанов, Ғизат Тұманбаев секілді азаматтар бастаған отызға тарта жігіт Ерейментау жеріне арнайы келіп, Едіге бабаның басын көтеріп, ас беріп, дұға оқытты.

Бір риза болатын жайт, Ерейментау аудынының әкімі, әдебиет пен тарихтан бір кісідей хабары бар, ұлтжанды азамат Ермек Нұғыманов өзі бас болып, бұл шаруаны қуана құптады. 12-інші тамыз күні Елтай ауылының мешітінде жұма намазы оқылып, соңынан қырдың басындағы қорымда Едіге бидің белгі тасының ашылу рәсімі жасалды. Қабір басында тебірене сөйлеген аудан әкімі Ермек Бекенұлы, баянауылдық белгілі өлкетанушы-тарихшы Алтынбек Құрманов, басқа адамдар бұл істің өткен тарихымызды түгендеу бағытындағы жасалған маңызды шара екенін айтып, осы шаруаны атқарған азаматтарға ризашылықтарын жеткізді. Жаңатілектік азаматтардың атынан сөйлеген Алдан Кәрібайұлы мен Сембай Адамбековтер аяғынан тік тұрып қызмет етіп жүрген Елтай ауылының тұрғындарына, мектеп мұғалімдеріне, аудан мен ауыл әкімдігіне шексіз алғыстарын білдірді.

Осы шараға арнайы келіп қатысқан Едіге би ұрпағы, Баянауыл ұлттық паркінің директоры Сүйіндік Ахметжанов та ас үстінде сөз алып, ел мен жұртқа алғысын айтып, Едіге би жатқан төбедегі жалпы қорымды қоршауға алатын ойлары бар екенін жеткізді.

Сөз соңында айтарамыз, бұл шаруа атаға бөліну немесе қайсыбіреулер айтқандай, ел арасына жік салу емес. Бұл–талқандалған тарихымызды қалпына келтіру бағытында жасалған тағы бір игілікті қадам. Қазақ тарихы–әр өлкенің, әр аймақтың, әрбір ру мен тайпаның тарихынан құралады десек, бұл сол тарихқа қосқан үлесіміз.

PS: Осы отырыста Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғыманов: «Шорман би де үлкен тарихи тұлғалардың бірі, ұрпақтары неге іздемейді оны?»–деп қалды. Бұған айтар жауабымыз болмай қалды.

***

ХVІІ ғасырдың аяғында дүниеге келіп, ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында өмірден өткен дала даналарының бірі, «ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен» ақылман би, өз заманының айтулы қоғам қайраткері

Танытып қайта мына даламызды,

Жаңғыртты жаңа дәуір санамызды.

Тарихтың тереңіне ой жүгіртсек,

Үш ғасыр бөліп жатыр арамызды.

Сондықтан кешіре гөр, бүгінгі ұрпақ,

Кешірек біліп жатса бағаңызды!

...Әуелі аспанда Алла, содан кейін,

Рухың жебеп жүрсін, баба, бізді!

 Сайлау Байбосын, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері

Ұлт порталы