29 жел, 2025 сағат 17:30

Есім – тағдыр ма? Қазақстанда атын өзгерткісі келетіндер көбейген

Фото: stan.kz


Қазақстанда жыл сайын шамамен 12 мың адам аты-жөнін өзгертеді. Бұл процесс «Неке және отбасы туралы» кодекс арқылы заңды түрде реттеледі. Азаматтар аты-жөнін ұнамағандықтан қана емес, ата-анасының тегі өзгергенде, некеге тұру немесе ажырасу кезінде, сонымен қатар есімнің айтуға қиын немесе жағымсыз болған жағдайда да өзгерте алады. Бұл туралы Ult.kz тілшісіне Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ономастика маманы, филология ғылымдарының кандидаты Дана Пашан түсіндіріп берді.


Заң бойынша 10 жасқа дейін баланың аты-жөнін ата-анасының келісімімен өзгертуге болады, ал 16 жастан бастап баланың өз келісімі де ескеріледі. Сонымен қатар кейбір қосымшалар («тегі», «немересі», «ұрпағы») жеке куәлікте жазылмайды.


Есім ауыстырудың себептері


Қазақта есім қою дәстүрі терең тарихқа ие. Исламға дейінгі кезеңде есімдер табиғат құбылыстары мен қорғаушы рухтардан шабыт алып қойылған: Бөрі, Қасқырбай, Арслан сияқты. Ислам дінінің келуімен балаға ат қоюда пайғамбарлар мен діни ұғымдардан алынған есімдер танымал болды: Мұхаммед, Әли, Нұр, Таһир. Азан шақырып ат қою дәстүрі осы кезеңнен бастап орнықты: оң құлаққа азан, сол құлаққа қамат айту арқылы баланың өмірі Алланың атымен басталсын деген ниет берілген.



Фото: Дана Пашанның жеке мұрағатынан


«Көбінесе азан аты мен құжаттағы ат сәйкес келмеген жағдайда өтініш беріледі. Мысалы, Мұхаммед есімі Мухамед, Магомед немесе Михаил деп тіркелуі мүмкін. Сондай-ақ есімнің грамматикалық қатесі, жағымсыз мағынасы, жынысына сәйкес келмеуі де өзгертуге себеп болады. Кейде халықаралық қатынастарда немесе эстетикалық себептермен де ат өзгереді», – дейді Дана Пашан.


Тіпті атын жынысына байланысты ауыстыратындар да кездеседі дейді.


«Иә, өкінішке қарай, тәжірибеде осындай жағдайлар кездеседі. Қоғамда өзгерістер болып жатқандықтан, жоқ деп айта алмаймыз. Мысалы, отбасылы, екі баласы бар бір азаматша өзін әйел емес, ер адам ретінде сезінетінін айтып, есімін ер адамның есіміне өзгертуді сұрады. Сырт келбетіне қарап, алғашында оны ер адам деп ойладық. Дегенмен қазіргі заңнама бойынша жынысқа сәйкес келмейтін есімдерді өзгертуге нақты құқықтық негіз жоқ. Мұндай жағдайда, егер психологтар оның өзін сезінуі мен жынысының өзгеруін растаса, есімін өзгертуге мүмкіндік беріледі деп ойлаймыз», – дейді Дана Пашан.


Заң талаптары


Азамат аты-жөнін заң аясында өзгерте алады. Балалар үшін ата-ананың келісімі, 16 жастан кейін өз өтініші маңызды. Өзгеріс тілдік, грамматикалық және мәдени нормаларға сәйкес жүргізіледі. Азан атына қатысты тікелей шектеу жоқ, бірақ оның қазақ тілінің фонетикалық және морфологиялық нормаларына сәйкес келуі міндетті.


«Ономастика бөлімінде аты-жөнін өзгертуге түрлі ерекше себептер кездеседі: нумерология, жынысына сәйкес келмейтін есімдер, халықаралық ортада дұрыс транслитерациялау, тіпті түсінде көрген арман арқылы шешім қабылдау сияқты. Қоғамдық қысым мен түсінбеушілікке қарамастан, заң азаматтың құқығын қорғайды», – дейді Дана Пашан.



Кеңес:


Аты-жөнді өзгерту тек рәсім емес, рухани және мәдени сәйкестікке байланысты процесс. Сондықтан азаматтарға заңдық, тілдік, психологиялық аспектілерді түсіндіру маңызды.

Ақбота Мұсабекқызы