16 шіл, 2018 сағат 13:38

Есіл жағасында кілем жуған әйел 2 қызымен көз жұмды

Астанада 43 жастағы әйел екі қызымен бірге суға кетіп, көз жұмды. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қайғылы оқиға 14 шілде күні 15:28-де болған. 1975 жылы туған әйел мен 2006 және 2007 жылы туған қос қызы өзен жағасында кілем жуып жатқанда суға ағып кеткен. Қаза тапқандардың денесін ТЖ комитеті орталық аймақтық аэромобильді жедел-құтқару бөлімшесінің құтқарушылары алып шыққан. Мұнда күтпеген оқиға орын алып отыр, әйтсе де бұл жерде адамдардың жүруіне тыйым салынған», - деді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов.

Оның айтуынша, қаза тапқан отбасы «Пригородный» тұрғын алабында өмір сүрген. Олар Нұра-Есіл арнасының жағасында кілем жуған.

Айта кетейік, 2018 жылдың бір ғана маусым айында 4 бала суға кетті.