Фото: А.П. Чехов атындағы қалалық кітапхананың instagram парақшасынан
Белгілі ақын, танымал спорт комментаторы, республикалық «Ақ желкен» журналының бас редакторы Есей Жеңісұлының үшінші жыр жинағы «Көкжиектің арғы жағы - Әлем» атты жаңа кітабы көпшілікке таныстырылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Есей Жеңісұлының бұғвн дейін «Бір жарық», «Сендер бәрің жақсысыңдар, адамдар!», «Мынау ғазиз дүние», «Шуақ» атты кітаптары жарыққа шыққан. Ал мына жаңа еңбегі кейінгі жеті жыл ішінде көңілге түйген ішкі толғаныстарының жемісі.
«Көпшілік ақын-жазушыларды жазғырғыш келеді. Қоғамда болып жатқан дүниелерге үн қатпайды дейді. Осы кітаптың бетінде сол уәжге жауап бар. Жинаққа менің «Уақыт жырлары» дейтін топтама өлеңдерім кірді. Онда Жаңаөзен оқиғасынан бастап, киік қырылған кезең, Арыстағы жарылыс, су тасқыны, Украинадағы соғыс, пандемия, қаңтар оқиғасы секілді барлық қоғамдағы елеулі оқиғаларға өлеңдерім арқылы үн қосуға тырыстым. Ақындарды жазғыруға болмайды. Кереғар пікірді тек ақынның шығармасын оқымағандар ғана айтады. Кітаппен танысқан әрбір адам соңғы жеті жылда қандай ғұмыр кешкенімді, не ойлап, не түйгенімді толық сезіне алады деп ойлаймын», - дейді Есей Жеңісұлы.
Ақынның жаңа жинағына «Уақыт жырлары», «Анам жайлы жырлар», қасиетті Меккеге сапарынан «Мекке жырлары» атты өлеңдер топтамасы мен кейінгі жылдары жазылған өміршіл, адамдарға үндеу тақырыбындағы өлеңдері енген.
«Өлең негізі жалғыздықтың туындысы. Адам өзін жалғыз сезінгенде қаламға жүгініп, бар сырын ақ қағаз және қаламмен бөліседі. Есей бүгін жеті жылдан кейін оқырманға жаңа кітабын тарту етіп жатыр. Ақын бауырыма айтарым, әдемі әлемің ешқашан кірлемесін», - деді ақын Жарас Сәрсек.
Кітаптың тұсаукесеріне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Омар Қиқымов, «Үркер» журналының бас редакторы Жарас Сәрсек, ақын, аудармашы Дәурен Берікқажыұлы, жазушы, сатирик Қанат Әбілқайыр, жазушы Ырысбек Дәбей, “Балдырған” журналының бас редакторы Ерғали Бақаш, әдебиеттанушы Ақбота Абиыр, БАҚ өкілдері мен А.П. Чехов атындағы қалалық кітапхана ұжымы мен қалың оқырман қауым қатысты.
Айта кетейік, Есей Жеңісұлының «Көкжиектің арғы жағы - Әлем» атты жаңа жыр жинағы «Абай» баспасынан 2000 данамен жарық көрген.