Арманның ағасы
(новелла)
Ұйтқып соққан боранға арқасын беріп, көтеріліп келе жатқан күнге қарап:
– Ағам ана жақтан келеді! – деп айғай салды. Екпінді жел мұның дауысын ала қашып, ауаға сіңіріп жоқ қылды.
Арман сегіз жылдың алдында жоғалып кеткен ағасы туралы ойдан жалыққан емес. Арманның есінде қалуынша, ағасы қайратты, мейірімді һәм адал ниетті, ақкөңіл адам болатын. Ол сегіз жыл бұрын өзінің жүк көлігімен келе жатып, кішкентай қызды қағып кетеді. Машинаның алды тарс етіп әлде неге соғылған сәтте-ақ қыз өлді деп ойласа керек, машинадан түседі де шығысты бетке алып тартып отырады. Содан бері Арманның ағасынан ешқандай қабар-ошар жоқ. Шындығында кішкентай қыз аман қалған, машина жол шетіндегі биік тратуарға соғылған. Мұны ол білмеген.
Ол заманда интернет те, әлеуметтік желілер де жоқ, Арманның үй-іші теледидар мен радиоға бірнеше рет хабарламалар шығарды. Өз уақытында «көрдім» деген адамдар да болды, бірақ бірінің айтқаны басқа адам боп шықса, бірінің із-дерегі жоқ, көпірме сөз боп, соңы белгісіз ақпаратқа айналып, ақыры ешбір жіп ұшын таптырмады. Біреулер иен далада жол бойында машина тосқан жалғыз адамды көргенін, енді біреулер Үрімжі жаққа кетіп бара жатқан әлде бір машинаға отырып кеткенін көрдік деп те соқты. Бұның бәрінен ешқандай қайыр болмады. Не өлісі, не тірісі белгісіз, ізім-ғайым жоғалды. Жылжып жылдар өте берді, Арман да, ата-анасы да көкірек түбінде жарық шашқан үміт шырағын сөндірген жоқ. Маңайдағы тау-қырқалар, өзен-сулар әлде неше рет қаралды, шығыс жақтағы аудан, ауыл біткенге қабар берді, тіпті Үрімжі тарапына дейін барып қайтты. Тым құрыса сүйегі табылмады. Сондықтан өлді деп ойлауға қимады. Ауылға әлде біреу келсе ұлдарынан қабар беретіндей елеңдеді. Бейтаныс біреумен танысса ұлдары туралы сұрады. Ақыры үміті үзілген ата-ана ендігі жалғызымыз Арман аман болсын деп құдайдан тілеумен күн өткізіп жатты.
Арман ол кезде 10 жаста болатын. Ағасы бұдан 12 жас үлкен. Күш-қайраты, мейірімі мол, асқақ, айбынды аға бейнесі мұның көкейінде әлі сайрап тұр. Арманның ойынша, ағасы тірі, ол сол кеткеннен мол кетіп, Қытайдың ішкі қалаларына дейін сіңіп кетті. Ағасының оқуы жоғары болмаса да, өте білгір, ақылды һәм бұлшық еттері білеудей, зор денелі азамат. Ол қандай қиындықтан да жол тауып шыға алады.
Есейген сайын Арман ағасының бүкіл жүріп өткен жолын өзінше қиялдап, ойша баяндайтын болған. Ағасы ауылдан кеткен соң жолшыбай Үрімжіге баратын көліктерге отырып, сонда жетіп алады. Үрімжіде бір неше күн ғана аялдайды да, одан да ары қарай пойызбен тартып отырады. Арман картаға қарап, ағасының тоқтап, бірнеше ай немесе бір-екі жылдай аялдап жұмыс істеген қалаларын, ауылдарын белгілеп қойды. Ши-ән шаһарына жетпей бір шағын қалашықта бір жарым жылдай тұрды. Әуелі жүк тасыды, құрылыс салды, басқа да ұсақ-түйек жұмыстармен айналысып мол ақша тапты. Оның еңбеккерлігі, күш-қайраты ұсақ денелі қытайларды таңдандырды, маңайындағы адамдардың зор құрметіне ие болды. Күндердің бір күні ол жергілікті мафияның көзіне ілікті, олар Арманның ағасын өздеріне тартты, бірге жұмыс істеуге шақырды. Алайда таза жүректі, бар болмысы мейрімге тұнған ағасы мұндай лас қаракетпен айналысудан бас тартты. Сөйтіп мафияның өзі оның ағасымен жауласа бастады. «Сенің екі жолың ғана бар, бірі менімен серіктес болу, бірі менімен жау болу. Ал жау болсаң сені өлім ғана күтіп тұр» деп қорқытты. Ағасы сасқан жоқ, «Мен ар-ожданым қаламаған істі істей алмаймын, адал еңбегіммен ғана күн көремін, сондықтан саған жолдас бола алмаймын» деді. Сөйтті де алдына қойылған сан қабат қамалды бұзып, қалашықтан қашып шықты да, одан ары кетті. Келесі шаһарда ол саудамен айналысты. Адалдығымен, әділетімен көзге түсіп, мол ақша тауып, кенен байлыққа ие болды. Сөйтіп жүріп бірнеше жылда Шаңхай қаласына жетеді. Осыған дейінгі жинаған ақшасымен үлкен компания құрады, мол табысқа кенеліп, бай-бақытты өмір сүрді. Сонда да кішкентай қызды өлтіріп алғаны есінен кетпей, жаны қиналды. Бар байлығын кедейлерге таратып беріп, алып параходпен немесе ұшақпен, тіпті жай ғана ескекті қайықпен-ақ тау толқындарды жарып өтіп, Жапонияға аяқ басады. Онда барған соң да сауданың жөнін тауып, оқу, ғылымға да ынта қоя бастайды. Бірақ өзегін өртеген кішкентай қыздың өлімі көз алдынан кетпей, ар-ожданы тыныштық бермейді. Ылғи да басқаларға жақсылық жасап, ізгілікті істермен шұғылданып жүреді. Сондай күндердің бірінде Жапония еліне ауыр апат келеді. Теңізден ширыға көтерілген ақбас алып толқындар аралға қарай төнеді, жер сілкініп, үйлер су астына кетіп, заман-ақырдай қорқыншыты сәт туады. Цунами қаншама өмірді көз алдында жалмайды. Кәрі-жас, сәби деп талғамайды. Өлім-өмір шарпысқан ауыр арпалыста Арманның ағасы қаншама сәбиді, кәрілер мен әйелдерді құтқарып қалады. Талай рет қатердің ортасында жүрді, талай рет ажал төнді, қайсар да, қайратты ағасы бәрі бір өлген жоқ. Осы апаттан кейін, қаншама жас өлімді көзімен көріп, қаншамасын өзі ажалдан арашалап алған ағасы көкірегін сыздатқан ауыр қасіреттен арылады. Бойы жеңілдеп, ары тыныштық тапқандай болады. Енді елге, ата-анасына қайтып келуге бекиді.
Алла қаласа, енді үш-төрт айда келуге тиісті деді Арман, ағасының жоғалып кеткеніне тура сегіз жыл толған кезде. Ол шынымен-ақ ағасының бір күні жарық ете қалғанын күтіп жүрді. Келмесе сол Жапонияға өзі бармақшы. Биыл жоғары оқуға емтихан тапсырады. Алла қаласа, Шаңхайдан оқымақшы, ағасының ол жерде аса даңқты, танымал болғаны анық, ол туралы ақпараттар жинайды, жүріп өткен жолымен жүреді, ағасы жайлы аңыздарды өз құлағымен естиді. Бірақ ағасы Жапонияда. Арман да түбі сонда барады, ағасы өзінің таңғажайып өмірі туралы естелік жазып, жаздық демалыс үйінде ой үстінде отырған жерінен кіріп бармақшы. Қандай қуанар екен. Алғашқыда тани алмай, кезінде өзі жонып берген, Арман әлі сақтап жүрген кішкентай ағаш атты көрген кезде көзінен жас моншақтап, жүгіріп келіп мұны бас салып құшақтар. Екеуі қосылып, әңгімелері таусылмай ұзақ түнді ұйқысыз атырар. Ата-анасын, ауылды, ағасы үйреткен күрең тайдың арқалы ат болып, былтырға дейін өзі мінгенін, биыл қыс арқасына жара шығып, жылқы ішінде бос жүргенін айтар, үй жанындағы мөлдір сулы, арналы бұлақты айтар. Бұлақ суының құрып бара жатқанын, өзі хат тасып апарып жүретін Мақпалдың басқа біреуге тұрмысқа шығып кеткенін айтпас. Сұраса мүмкін айтар...
Дегенмен өзі іздеп бармай тұрып, ағасы қайтып келсе екен деді. Енді бөгелмеуі керек қой, келетін уақыты болды деп ойлады.
Осы жылы көктем ертерек шықты да, қар еріп, наурыздың орта тұсынан бастап азынаған боран бір басылмай қойды. Қырат-қырқаның қары ұшып жоғалғаннан кейін, енді топырақ ұшыра бастады. Мұндай боран болмағалы сегіз жыл болды дейді үлкендер. Арманның ағасы жоғалған жылы да осындай қатты боран соғыпты. Арман мұны естіп, өзінің ойына шын сене бастады. Боран ағасының келетінінен қабар беріп тұрғандай көрінді.
Арада сәуір өтті, мамырдың ортасына келгенде төменгі ауылдағы Жаппар деген қойшы қой жайып жүріп, керішті сайдың ішінен бір адамның шіріп, қу сүйекке айналған мәйітін тауып алыпты. Қаладай бой көтерген мүсінді керіштердің біріндегі оймыш үңгірдің ішінде бүріскен күйі қатып қалыпты. Үңгірді паналап бой жылтпақ болған шығар. Үстінен топырақ басып, бұған дейін көрінбей жатқан болса керек, биылғы қатты боран қайтадан ашып, үңгір ішін тақырлай бастапты. Киімдері тозып, жұлмаланып жыртылған, тек төс қалтасындағы жеке куәлігі мен жүргізуші куәлігі шірімей сақталыпты. Осы куәлікке қарап танып, Жаппар ауылдағы бірнеше туыс-туғанды ертіп Арманның ата-анасына естірте келді.
Әуелден-ақ өлдіге шығарғанымен, тірі де шығар дейтін бір үміті іште жүрген кемпір-шалға оңай тиген жоқ. Дегенмен туыс-туғанның, алыс-жақын елінің басу айтуымен ұзақ жылаған жоқ. Сүйекті әкеліп, жаназасын шығартып, арулап жерледі.
Арман қурап қалған сүйекті көргенде еңсесі басылып, өңі әлем-тапырық болып, бір сәтте-ақ қатты жүдеп кеткенін біраз жұрт байқады. Ағасын жерлеген соң да, шығыс беттегі кезеңге шығып алып, алысқа қарап отыратын әдет тапты. 18 жасар жас өспірімнің бұл қылығы біраз елдің қабырғасын сөкті.
Ал Арман басқа ойдың жүлгесін қуалап кеткен болатын... Анау қураған сүйектің ағасы екеніне мүжіліп тозған екі куәліктен басқа ешқандай дәлел жоқ. Мүмкін ағасы ізін жасыру үшін, қаңғып өлген әлде біреудің қалтасына кәуліктерін салып кеткен шығар. Ол жылы қаңғып кетіп, сол беті жоғалған жалғыз бұның ағасы емес қой. Қаншамасы боранда өлген. Мұның ағасы сергек, күш-қайраты мол адам, ол өлмеуге тиісті. ДНК арқылы тексеру керек, сонда ғана кім екені анықталады. Мұнда кім ДНК-ны біліп жатыр дейсің? Тіпті тексерудің де керегі жоқ, бұл ағасы емес, ағасы анау жақтан келеді. Келмесе өзі іздеп барады. Ол Жапонияда теңіз жағасындағы көп қабатты үлкен үйде терзеден соққан салқын самалға дидарын тосып, ауылды ойлап отыр. Арманның ағасы тірі!
Есбол НҰРАХМЕТ
Ұлт порталы