Фото: Мәжіліс отырысы
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына тиесілі Костенко шахтасында болған апатқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Құдай сақтасын! Бірақ өкінішке қарай, кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей нұсқауымен Митталдың жеке меншігіне берілген "АрселорМиттал Темиртау" (АМТ) компаниясына қарасты Костенко шахтасында болған апаттан 200-ден астам кенші жер астында қалды деген хабар келді. Оқиға басында құтқару операциясымен айналысып жүрген жігіттердің хабарына қарағанда, өрттің арғы жағында, терең забойда қалған 30-ға жуық адамды құтқару мүмкіндігі азайған сияқты...", - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, Қазақстан металлургиясының флагманы аталған "Қарметкомбинатты" Митталдың меншігінен кері қайтарып алу мәселесі осыдан бірер ай бұрын – кезекті адамдар өліміне әкелген апаттан кейін қозғалған.
"Міне, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде біраз депутат көтерген осы талапқа Үкімет атүсті қарап, "АМТ"-ны кімге береміз деп ырғалып-жырғалып жүргенде кезекті апат болды!
Әлихан Смайылов мырза, техника қауіпсіздігін қаперсіз қалдырып, Қарағанды кеншілерінің баудай қырылуына жол берген, жеке есебіне түсер миллиардтар қуып кеткен Митталдан "Карметті" қайтарып алуға не кедергі? Сіз әлі күнге дейін "ескі Қазақстан" жаққа елеңдеуді қойып, Қазақстан халқына қарай қашан бас бұрасыз?
"Аманат" партиясының Парламенттегі фракциясы (Елнұр Бейсенбаев мырза), сайлауда жеңіп шыққан партия ретінде 8-ші шақырылымның алғашқы сессиясында "аманаттықтар" ұсынған премьер-министрден "Карметтің" меншік иесін жедел өзгерту процессін бастауды талап етуді сұраймын!" - дейді Ермұрат Бапи.