Бір кездегі өткен түс секілді, көрген күнің көр секілді еді. «Баяғыны» сағынушы едің, «казіргіге» қамығушы едің. «Әттең, тәңірімен» күнің өтті. Тілің шықса, үнің шықпады. Үнің шықса, күнің шықпады. Дүниені қараңғы тұман басты. Сен бір еріксіз құл едің. Талантсыз туған сорлы едің. Көп зарықтың, көп сарғайдың…
Көзіңнің жасына Құдай иіді.
– Қөзіңнің жасын! – Өйткені, жылаудан басқаны білмеуші едің.
– Қабылы Алладан, қамы кімнен? – десе,
– Пендеден, – дер едің.
– Қам қылып пе едің? – десе,
– Жоқ – дер едің.
– Жоқ екенін білемін, қамдануға уақытың болды ма? Қазақ деген халық едің. Еділ-Жайық, Есіл, Нұра, Арқа, Сыр, Ертіс, Орал, Алатау, Алтай мекенің еді.
– Осылардай ұжмаққа меңзес жерлерің бар еді.
– Айдын шалқар көлдерің бар еді.
– Ту ұстап, тұлпар мінген ерлерің бар еді.
– Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін билерің бар еді.
– Дұшпан күндерлік күйлерің бар еді.
– Ел бастайтын көсемің бар еді.
– Сөз бастайтын шешенің бар еді.
– Ақ киізге көтерген хандарың бар еді.
– Ізгі қария шалдарың бар еді.
– Сауық-сайран жиының бар еді.
– Бақ-береке ұйымың бар еді.
– Кедейің жоқ, бай едің,
– Төрт түлікке сай едің.
– Сол күндерде арманың бар ма еді?
– Жоқ секілді еді. Сонан да қазақ айрылдың!
– Онан қымбат нең бар еді?
– Мойныңа бұғалық түсті, бұлқынбадың.
– Құрық көтеріп еді, қолға тұрдың.
– Арғымақ едің, жабы болдың.
– Жүгенсіз мінді, қақпалап жүрді. Ерқашты қылды, көне бердің. Баяғы дәурен көзіңнен быр-быр ұшты. Қамықтың, жабықтың.
– Көзіңнің жасына Құдай иіді! Қам қылған жоқсың. Қам қылуға уақытың болған жоқ. Уақытың талас-тартысқа кетті. Өзді-өзіңнің таласыңа кетті.
– Елдің көркі ер еді.
Біздің қазақтың басшылары тана, моншаққа қызығып, жер жүзінде еш халық дәреже көрмеген болыстықты зор аброй, бақыт көріп адасты. Талас қанына сіңді. Атадан балаға мирас болып қалды.
– Ер адасса, ел адасушы еді.
Ерлеріміз адасып еді, еліміз де адасты. Сол адасудан әлі беті оңға бұрылған жоқ. Көздің жасын Құдай иіген кезде де жөнге түскен жоқ.
Болыстық қалып еді, жақсыларымыз болыстың тонын комитетке кигізді. Комитетке председатель, ағза болу бұрынғыдай болыс, би болып «ел билеу» момынға тізе көрсету екен деп адасты. Комитет ашу бостандықты күшейту жолында халыққа қызмет ету екенін ойламады. Ойласа да дерт кернеп шыдатпады. Ауру қалса да, әдет қалмады. Бостандық болғалы төрт айдан асты: Қазақ арасында комитеттен де өзге зор істер бар екенінен хабары жоқ.
– Енді, біз қашан жұрт боламыз?
– Адасуды әлі де қоймасақ, істің, түбі неге соғар? Алаштың азаматы, осыны ойлайық!
Қазақтың қазақ заманы бастан кешкеннен кейін біздің атқа мінген жақсыларымыз алаштың ары үшін, асыл істің қамы үшін өзара алалығын тастап, дұшманға қарсы жол қарап, әдіс іздеген болса, бұл күнде көңіліміз жетігірек, көзіміз ашығырақ болар еді.
– Бостандық туды.
Бұл бостандық көктен түсті. Енді өзіміздің ұйымсыздығымыздан тегін бостандық жемісінен пайдалана алмасақ, «аспаннан шұға жауғанда ұлтарақ тимеген құл» біз болмаймыз ба?
– Қүні ертең земство ашылғалы тұр.
1917 жылы сентябрьде учредительное собраниенің сайлауы.
Ауылнай комитеттерге таласып, төрт айда жұмыстың төрттен бірін бітіре алмағанда, бір күннің ішінде бітуге тиіс учредительное собраниенің сайлауы қалай болмақ?
– Бүкіл дүниені қанға бояған соғыстың түрі мынау.
…Басымыздан кешіріп тұрған заманымыздың қалпы бұл.
– Мынау әлі бұғанасы бекімеген, буыны қатпаған бостандық.
Мұның бәрін ойлаған адам ішкен асын жерге қояды. Шырт ұйқыдан шошып оянады. Жалғыз-ақ қара суға семірген қайғысыз, біздің қазақ.
– Бұл бостандықты әперген ерлерге ат салдырмасақ, бізді олар кім дер?
– Бұл бостандықтан айрылсақ, көрген күніміз не болар? Сана қайда?
Ардақты ақсақалдар, атқа мінген ағалар, ел билеген жақсылар!
– Талас-тартысты енді қойыңдар!
– Мынау болғалы тұрған зор істерге қамданыңдар!
– Ынтымаққа қайтыңдар!
– Құдайдан қорқыңдар!
– Жұртты ойлаңдар!
– Нәсіл-несіптің көз жасына қалып жүрмеңдер!
Мадияр,
«Қазақ», 1917 ж. № 236.