- Саясаттанушы Ерлан Сайыров Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу туралы арнайы үндеуінен кейін ҚазАқпарат тілшісімен әңгімелесе отырып, Елбасының бұл шешімі нағыз саяси реформа екенін атап өтті.
«Менің ойымша, бұл алға қарай басылған үлкен қадам. Бұл - нағыз саяси реформа. Енді Парламенттің өкілеттігі артады. Үкімет енді Парламенттің алдында отставкаға кетеді», - дейді саясаттанушы.
Ерлан Сайыровтың айтуынша, Үкімет мүшелерін, яғни министрлерді де енді Парламент тағайындайтын болады.
«Парламент министрлерді тағайындайды. Президент өзінің үндеуін бүкілхалықтық талқылауға салып отыр. Сондықтан, азаматтардың көбі бұл мәселені жан-жақты талқылап, бір түйінге келуі керек», - дейді Е.Сайыров.
Айта кетейік, кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отандық телеарналар арқылы билік тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлу мәселелері жөніндегі үндеуін жария етті. Онда Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беру, Үкіметті жасақтауда Парламенттің рөлін күшейту қарастырылған.