Фото: kasipodaq.kz
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдау жасап, онда бірқатар өзекті мәселелерді айтты. Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саировтың пікірінше Президент жолдау арқылы Үкіметтің назарын қоғам проблемаларына аударып отыр.
«Оның ішінде ең бірінші мәселе, Қазақстанда «банктер жөнінде» жаңа заң қабылданады. 30 жыл ішінде банктер халықтың қанын сүліктей сорды. Елімізде банк саласында бәсекелестік болмағандықтан өте жоғары пайыз қойып, халқымыздың көптеген әлеуметтік проблемаларының негізгі қозғаушысы болды. Сонымен бірге, Қазақстанның банктері қазіргі уақытта нақты секторды қаржыландырмай отыр. Енді жаңа заңның аясында банктерде жатқан триллион теңгелерді Қазақстанның нақты секторын қаржыландыруға бағыттау және банктердің пайызын азайту, әлеуметтік теңдікті қалыптастыру мәселесі тұр. Бұл біздің еліміздің экономикалық моделін өзгертуде үлкен қадам.
Сонымен бірге Президент Тоқаев олигархтарға ескерту жасады. Яғни қазіргі таңда елімізде капиталды қайтаруға реестрға енген азаматтар қаржыны уақытылы өздері қайтаруы керек. Олигархтардан қайтқан қаржының барлығы мектептер мен бала бақшаларды, әлеуметтік инфрақұрылымдарды салуға жұмсалуы қажет және егерде сол олигархтар мемлекетпен саудаласатын болса, олармен әңгіме мүлдем басқаша болады деген сөз. Бұл ескерту неге жасалып отыр? Өйткені, кей бір олигархтар, соның ішінде Тимур Құлыбаев қазір прокуратураның капиталды қайтару жөніндегі комитетімен соттасып жатыр. Бұл ұят!» -дейді Ерлан Саиров.
Сонымен қатар, депутаттың пікірінше Жолдауда айтылған түйткілді мәселелердің бірі – салық саясаты деп есептпейді.
«Өткен жылы Қазақстанның Ішкі Жалпы Өнімі 5,3 пайызға өсті. Мысалы үшін, басқа елдерде ЖІӨ сондай пайызға өссе онда ол ел байлыққа кенеледі. Ал Қазақстанда керісінше биыл үлкен бюджет тапшылығы болып отыр. Бюджетте 3 трлн. теңге жетпейді. Сондықтан біз салық жүйесін өзгертіп, байлар салықты көп, әділетті төлейтіндей жағдай жасауымыз керек. Міне, президенттің айтқаны елімізді экономикалық тұрғыда дамытудың нақты-нақты қадамдары болып табылады», -дейді Е. Саиров.