29 қыр, 2017 сағат 15:38

Ерлан Сағадиев: «Серпін» бағдарламасы бойынша магистратурада оқуға грант бөлінеді

«Серпін» бағдарламасы бойынша келер жылдан бастап магистратурада білім алуға гранттар бөлінеді. Бұл туралы бүгін еліміздің Білім және  ғылым министрі Оңтүстік Қазақстан облысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кеңесте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.    

Министр Ерлан Сағадиевтің сөзінше, қазір «Серпін» бағдарламасымен білім алған жастарды солтүстік облыстарда қалдыру қиынға соғуда. Сондықтан оқу орындарын бітіргендер үшін жағдай жасау керектігі атап өтілді. 

«Бұл мәселе бойынша бірқатар проблема бар. Жас балаларды жіберсек колледждерді бітіріп, қалмай, үйлеріне қайтып кетеді. Сондықтан «Серпін» бағдарламасымен жұмыс істеуге дайын, түсініктері мол жастарды оқуға жіберсе дұрыс болар еді. Содан кейін кезең-кезеңімен грант бөлетін боламыз. Келесі жылы бакалавриатты бітірген жастарға магистратурада оқуға грант бөлеміз», - деді Білім және ғылым министрі.

Бұл мәселе бойынша Бақытжан Сағынтаев солтүстік өңірлерінен келген әкімдік өкілдеріне жастарға жағдай жасау жағын қарастыру қажеттігін атап өтті. Себебі оқу бітірген соң тұрақтайтын жері жоқ студенттер көбіне өз ауылдарына қайтуға мәжбүр болады.  

«Бүгінгі күнде жастарға солтүстік облыстарына барыңдар дейміз. Ол барады, оқиды. Тамағын ішеді, жатады. Екі-үш жыл жүргеннен кейін тұрақтайтын жері жоқ. Не жұмыс, не тұрақтайтын ағайын-туыс жоқ. Ауылын сағынады да қайтып келеді. Бірен-сараны қалар, бірақ негізінен қайтып кетеді. Екі-үш жылдың ішінде ол кішкене мамандық алды, бейімделді. Ал бірақ, дегенмен де, жүрегі қайта тартып тұрады», - деді Үкімет басшысы.