Белгілі әртіс Ерлан Біләл қарашаңырақта қалады. Ол актерлер құрамында жұмысын жалғастыра бермек. Бұл туралы Алматы арнасының тілшілеріне Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының жаңа басшысы Асхат Маемиров айтты.
92 жылдық толассыз тарихы бар әкем театрдың жаңа басшысы Асхат Мақсымұлы Әзірбайжан Мәмбетов секілді театрдың мәртебесін арттыруды қолға алғандығын алға тартады. «Алтын дәуірдің» айналып келуі үшін білімі мен біліктілігін барныша сарп ететінін сеніммен сөз қылды. Сол үшін де халықаралық деңгейде қазақтың бар болмысын насихаттайтын қойылымдарды көптеп шығаруға бел шеше кіріспек. Көптен бері сахналанбай қалған спектакльдерді әртістер құрамы алдағы айда қайтып сомдамақ ниетте.
«Шыңғыс Айтматовтың да «Ана Жер Ана» халықтық тұрғыдағы кең эпикалық тынысты үлкен полотно бар. Осы полотноны қайтадан оралту. Сүйінбай бабамыз туралы жазылған белгілі драматург мемлекеттік сыйлықтың иегері Иран Ғайыптың «Сүйінбай» деген драмасы бар. Осы Сүйінбайды сахналау осы мауысымдағы біздің жұмысымыз болады», - деді Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат МАЕМИРОВ.
«Алатаудан Сарыарқаға сәлем!» Осындай ұранмен қара шаңырақ елорданың 20 жылдық тойына арнайы гастролдік сапармен баруды да жоспарлап қойған. «Театр көктемі» фестивалі де дәстүрлі түрде жалғасын таппақ. Осы жолы халық әртісі Әнуар Молдабаевтың рухына бағыштауды құп көрген. Қалибек Қуанышбаев сынды саңлақ актердың биыл 125 жылдығы екені де естен шықпақ емес, сол үшін де наурыз айында арнайы «Абай» қойылымы сахналанбақшы. Асхат Мақсымұлы жаңа қызметке тағайындау туралы бұйрық шыққаннан кейін, ұлы тұлғалардың басына барып зиярат еткенін де жасырмады. Ал өнерде әріптес, өмірде досы театрдың бұрынғы басшысы Ерлан Біләлдің қара шаңырақтың сахнасындағы жұмысын жалғастра беретіндігін баса айтты. Өйткені, Ерлан Біләлден басқа актер сомдай алмайтын оның өзіндік рөлдері бар.
«Ерлан осы театрдағы негізгі репертуарларды басты кейіпкерлерді сомдайды. Ол Мұхтар Әуезовтың «Абай жолындағы» Абай, оны Ерланнан басқа ешкім ойнай алмайды. Ол Дулат Исабековтың «Жау жүрегіндегі» Балуан Шолақ, Исраил Сапарбаевтың «Сыған серенадасындағы» Шәмші бейнесі, Әкім Таразидың «Ақын періште махаббаттағы» Мұқағали бейнесі. Ерланның бірінші Алла Тағала берген таланты, артистизм, кәсіби шеберлігі, нағыз өнердегі тұлға. Сондықтан тұлға театрдан бөлініп ешқайда кетпейді», - деді Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат МАЕМИРОВ.
Естеріңізде болса, әкем театрды басқарған тұлғалардың осымен екінші рет басы дауға қалып отыр. Алғашқысы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрын 1993-2001 жылдар аралығында басқарған Тұңғышбай Жаманқұлов та өткен жылы «Феникс» көркем фильміне бөлінген мемлекет қаржысын жымқырды» деп айыпталған еді. Ал биыл Ерлан Біләл 1 жарым миллион теңге пара алғанын сотта толығымен мойындады. Осы тұста, Асхат Мақсымұлы әкем театрдың тәжін тот бастырмауға тырысатындығы тілге тиек етті. Ал сексеннің сеңгіріне шыққан, жарты ғасырдан астам уақыт әкем театрда жұмыс істеп келе жатқан халық әртісі Сәбит Оразбаев осындай олқылықтың бұл ордада болғаны орынсыз екенін қынжыла айтты.
«Қара шаңырақта ұлылар бастап келе жатқан із жаңғырып жатуы тиіс. Ол жастармен толығып жатуы тиіс, менің ұғымым да солай. Себебі бұл Қазақстанның театр өнерінің алтын тәжі, ал алтынды тот баспауы керек, алтынды жарқыратып биік ұстауымыз керек. Сондықтан бұл тұрғыда да менің алдымдағы мақсат та сол», - деді Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат МАЕМИРОВ.
«Біздің театрдың тарихында бұндай болмаған нәрсе. Тұңғышбай да осындай абыройсыздыққа ұшырап қалып, қанша халық сөз айтты, қаншама реніштер болды, ол қаншама рет ақталды. Жалпы ақталу деген ол бейшаралық. Мынау екінші жағдай, мінекей. Ойымызда жоқ нәрсе, қолайсыз жағдай болды», - деді Қазақстанның халық әртісі Сәбит ОРАЗБАЕВ.
Әкем театрдың жаңа басшысы Асхат Мақсымұлының әрбір қадамы көпшіліктің назарында болмақ. Тұңғышбай Жаманқұлов пен Ерлан Біләлдің кебін кисе, жұрттың «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» деп айтуы енді екіталай. Одан да, қара шаңырақты Мәмбетовтай мәртебеге көтеру ойы іске асса, қазақ өнерінің биікке самғауына сеп болмақ.