09 там, 2016 сағат 19:00

Ердоғанның Путинге "кешірім хатын" жазуына қазақ елшілері көмектескен - БАҚ

Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Ресей басшысы Владимир Путинге кешірім хатын жазған кезде орыс тілін қолданған. Бұл туралы Hurriyet Daily News порталы елшіліктегі сенімді дереккөздеріне сілтеме жасай отырып хабарлады.

Басылымның мәліметінше, нақты орыс сөздерін президенттің баспасөз хатшысы Ибрагим Калын әзірлеген. Ал, оған тілмаштар мен Қазақстанның Түркиядағы елшілігінде жұмыс істейтін дипломаттар көмектесіпті. Кешірім хатының ішінде орысша «извините» деген сөз бар деп жазады аталған БАҚ.

Естеріңізге салайық, 27 маусым күні Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ердоғанның түрік әскерилері атып құлатқан Су-24 ұшағы үшін Путин атына кешірім хат жолдағанын айтқан болатын.

Әскери ұшақты Сирия мен Түркия шекарасында түрік әскерилері 2015 жылдың күзінде атып түсірген болатын. Салдарынан бір ұшқыш қаза тауып, екіншісі аман қалды. Ресми Анкара ресейлік ұшақтардың рұқсатсыз шекараға кіріп кеткенін айтқан. Алайда, Ресей тарапы мұны мойындаған жоқ.

«Skifnews.kz»