19 нау, 2020 сағат 17:48

Ерболат Досаев Президентке ақша-кредит саясатына қатысты шараларды баяндады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың есебін тыңдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Ерболат Досаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа валюта нарығы мен қаржы саласындағы қазіргі ахуал туралы айтты. 

Ұлттық банк төрағасы Қазақстанның қор биржасындағы «теңге-доллар» саудасы кезінде Франкфурт аукционы әдісін уақытша енгізу, сондай-ақ, қаржылық тұрақтылық пен іскерлік белсенділікті сақтау мақсатында ақша-кредит саясатына қатысты қабылданған шаралар жайында баяндады. 

Мемлекет басшысы валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін Ұлттық банктің, Үкіметтің және ұлттық холдингтердің үйлесімді жұмыс жүргізіп, тиімді шешімдер қабылдауының маңыздылығын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, инфляция деңгейінің өсуіне қарсы жұмыстарға ерекше назар аудару керек.

Кездесу қорытындысы бойынша Президент отандық кәсіпорындарға несие беруге, олардың операциялық қызметін қаржыландыруға қатысты кешенді қолдау шараларын қабылдауды тапсырды.