ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаев xалықты дәрі-дәрмекпен қамтамамыз ету саласындағы тәртіп бұзушылықтар туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат" ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Халықтың дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты наразылығы әлі де басылмай тұр. Маған осы мәселе бойынша депутаттардан да, қоғамдық ұйымдардан да сауалдар жиі түседі. Соған қарағанда, науқастарды дәрі-дәрмекпен дұрыс қамтамсыз етпейді. Препараттар берілмесе де, қағаз жүзінде берілді деп жаза салады. Тегін дәрілерді ақшаға сату фактілері де бар. Сосын дәрігерлер пациенттерді дәрі-дәрмектерді сатып алуға міндеттейді екен. Ондай мекемелердің басшыларына қатысты қатаң шаралар қолдану қажет», - деді Е.Досаев Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген мәжілісінде.
Үкімет басшысының орынбасары жергілікті биліктің уәжін де еске алды. Әкімдердің сөзіне қарағанда, жылдың аяғына дейін барлық науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қаржы жетіспей жатады. Алайда тексеріс кезінде препараттардың қағаз жүзінде көптеп жазылатыны анықталды. Ал, шын мәнінде, ол дәрілер таратылмайды. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдар тым көп тапсырыс беріп отырады.
«Мәселен, кейбір аймақтарда артық жазылған дәрі-дәрмектердің көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда 50-60 процентке көп болып тұр. Денсаулық сақтау басқарамалары осы мәселеге назар аударуы қажет. Мен тиісті тапсырманы бердім. Сәуір айының аяғына дейін барлық облыстарда ревизия өткізу керек. Содан кейін біз нақты қай өңірде қанша дәрі-дәрмектің жетіспейтінін анық көретін боламыз. Негізі, жыл сайын берілетін ақша бұрын бәріне жетіп тұратын», - деп атап көрсетті Е.Досаев.