09 қаң, 2020 сағат 17:55

Ербол Тілешов: Абайды тану арқылы өзімізді жөнге саламыз

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Абайды тану, Абайды игеру, шығармашылығын қорыту – әр кезде де болған. Оның басында ХХ ғасырдың бас шенінде Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сияқты азаматтар тұр. Тарихты ақтарсаңыз, Алаш арыстарының Абай Құнанбайұлына қатысты біршама мақаласы жарияланған. Содан бері Абайды тану жалғасып келеді. Абайтануды Мұхтар Әуезов үлкен бір биікке шығарды. Одан кейінгі кезеңде Мекемтас Мырзахметов, бергіде Тұрсынжан Шапай деген азаматтар Абайды терең зерттеді. Ал Президенттің бүгінгі мақаласының жөні басқа. Неге десеңіз, ғылыми мақала бар да, қоғамға тасталған бағдарламалық ұран бар. Президенттің бүгінгі мақаласы – қоғамға тасталған ұран сияқты. Мұнда да әлбетте, ең бірінші мәселе – Абайды тану, игеру деп айтар едім», - деді Ербол Тілешов.

Ғалым «Абайды танысақ бізге не береді?» деген сұраққа жауап іздеп көрді.

«Абай – қазақтың рухани айнасы. Абайды тану арқылы біз өзімізді танимыз, өзімізді адам ретінде, қазақ ретінде жөнге саламыз. Осы тұрғыдан келгенде адамның ниеті, пейілі, еңбекке қатынасы, ортаға қатынасы, өмірдегі әділеттілік санаттарына қатысты құндылықтардың бәрі де Абайда бар. Ғұламаның шығармалары қазақтың ғасырлар бойы жетілген, сұрыпталған, көркем тілімен жазылған. Сондықтан, Абайды танығаннан кейін біз адами мәдениетімізді жөндейміз. Оның бер жағында Абайдың тілі арқылы өзіміздің тілдік мәдениетімізді, тіліміздің тазалығын, көркемдігін, бейнелілігін игереміз», - деді ол.

Ербол Тілешов сонымен қатар, «қырда өскен Абай қалаға бейімделген қазіргі қазаққа өзекті ме?» деген сұрақ төңірегінде пікірін айта келе, «Абайдың өзектілігі – адами қарым-қатынастардың, қоғамдағы адами сабақтастықтың жөнін көрсетуінде», дейді.

«Адамның бүгін киген киімі өзгергенімен, пейілі, махаббаты, сезімі бұрынғыша қалды. Абай осы сезімдердің бәрін шырқау шыңына жеткізе жазып кетті. Сондай-ақ, Президенттің мақаласында Абайды ғаламдық деңгейде тану мәселесі айтылған. Қытайда Лао-цзы мен Конфуций бар десек, орыста Толстой мен Достоевскийді айтады. Ал Абай – біздің биігіміз. Кезінде Елбасы «Абай – қазақтың бойтұмары» деп айтқан. Біздің рухани бойтұмарымыз. Сондықтан, Абай шығармаларын неғұрлым көбірек аударып, шетелге танытсақ – Абай қазақты соғұрлым таныта түспек. Қазақтың мұнайын, Байқоңырын, қазба байлығын таныған, пайдаланған әлем енді Абайды тану арқылы бұл халықтың жай халық емес екенін, Абайдай ақынды туған ел екенін тануы керек», - деді ол.

Еске сала кетсек, «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі санында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарияланған болатын.