Биылғы жылдың «Балалар әдебиеті» жылы деп жарияланғаны баршаңызға белгілі. Осыған орай, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың жанынан Балалар мен жасөспірімдер әдебиетін қолау кеңесі құрылып, жұмыс істеп жатыр. Кеңестің жетекшісі, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Поэзия Академиясының академигі Ербол Бейілхан «Ұлт» порталына кеңестің бүгінгі жұмысы мен балалар әдебиеті туралы әңгімелеп берді.
Әңгімемізді Балалар мен жасөспірімдер әдебиетін қолау кеңесінің қазіргі жұмысынан бастайықшы?
Осы жылдың наурыз айында наурыз айының 19-ы күні ақын-жазушылардың, зиялылардың, кітапханашылардың қатысуымен конференция өткен болатын. Сол кезде Ұлттық академиялық кітапхананың жанынан ашылған балалар әдебиетін қолдау кеңесі құрылды. Жалпы биыл балалар әдебиетін қолдау жылы екені баршамызға аян. Содан бері бес-алты айдың жүзінде қолдау кеңесі ең бірінші балалар ақын-жазушыларының басын қосты. Зиялылардың барлығын, ақын-жазушыларды, қуыршақ театрының өкілдерін, суретшілер, журналистерді қосып, бір шарт қойдық. Осы шарт бойынша, мысалы үшін журналистер балалар ақын-жазушыларын өздерінің белгілі бағдарламаларына шақырып жатыр. Әлі де балалар әдебиеті жүріп кету үшін, біріншіден, балалар ақын-жазушылары танымал болу керек. Оларға жарнама жасалу керек. Олардың не жазып жүргені халыққа жету керек. Мысалы үшін, осы күнге дейін, менің өзім, балалар ақын-жазушылары дегенде бір он шақты адамды ғана білемін, көп адамды білмейтінмін. Қазір енді осы салада жұмыс істеп жатқаннан бері Қазақстанда жалпы 130-150 балаларға қалам тербеп жүрген қаламгерлер бар екенін білдім. Осы 130-150 қаламгердің не жазып жүргені бізге алақанға салғандай аян болды. Біз жүз қаламгердің әлі жарыққа шықпаған кітаптарының өздерінің рұқсатымен, атауының бәрін жинақтап, министрліктің өкіліне өткіздік. Балалар әдебиеті жылы балаларға ұсынуға әбден болатын осындай шығармалар бар, осыны шығарып берсеңіздер деп ұсыныс айттық. Бұл да бір жұмыс. Жалпы содан бері аптасына бір-екі рет қаламгерлермен біз Зум платформасы арқылы, Ұлттық академиялық кітапхананың фейсбуктағы, инстаграмдағы парақшасы арқылы үнемі сұхбат жасап келе жатырмыз. Онда біздегі тыңдармандар, оқырмандар өте көп. Балалар жазушылары өздерінің балалар әдебиетін қалай дамыту туралы ойларын, балаларға жазып жүрген шығармалары туралы айтады, бұрын шыққан кітаптарын насихаттайды. Және бұл сұхбаттың жазбаша нұсқасын «Әдебиет» порталы мен «Қаламгер» порталында бірнеше сұхбаттарды жарияладық. Енді сол Ұлттық академиялық кітапхананың ішінде балалар кітапханасы бар. Балалар кітапханасы осы жеті ай көлемінде жүзден артық балаларға арналған, ата-аналар мен зиялы қауым қатысқан әдеби шаралар өткізді. Оның ішінде балалар да, ата-аналар да, зиялы қауым да қатысып жатыр. Сондықтан жалпы балалар әдебиетін қолдау кеңесі тікелей қаржыға тірелмейтін, бірақ өзінің жүрегін берген көптеген алуан түрлі іс-шаралар өткізді. Ал қаржыға тірелетін шаруалардың барлығы тоқтап тұр. Үлкен байқаулар жариялау үшін үлкен қаржы керек болады. Сол үшін біздің басты жоспарымызда балаларға арналған биыл 3-4 роман жаздырсақ деп ойлағанбыз. Ондай әлемдік стандартта, әлемдік жүйеде бар. Біз мұны министрлікке дейін айтқанбыз, қазір жауабы жоқ болып тұр. Ұлттық академиялық кітапхана «Ер Төстік» деген балаларға арналған шығармаларға байқау жариялады, төрт номинация бойынша, яғни бес млн теңгенің көлемінде. болмақ Қазір осы әдеби конкурстың айналасында жұмыс істеп жатырмыз.
Балалар әдебиетін дамыту үшін осындай конкурстар ұйымдастыру қаншалықты маңызды? Жалпы әсері бар ма?
Бізде мынадай қалыптасқан ғой. Белгілі қаламгер жазған жақсы бір дүниесін жарияламайды. Белгілі бір конкусқа сақтап қояды. Яғни қаламгерлердің жазған жақсы дүниелерін оқырманға ұсыну үшін және қаламгерлерге қаржылай көмек көрсету үшін конкурстар көп болуы керек. Әсіресе, балалар әдебиеті төңірегінде. Одан кейін осы конкурсқа келген туындылардың ең жақсыларын кітап қылып шығарып, оны жұртшылыққа ұсынсақ, ол үлкен көмек емес пе? Қазір балалар әдебиеті деп айтып жатқанымызбен нақты біздің заманның балаларының талабы, көзқарасы, дүниетанымы, барлығы өзгерген. Соған байланысты қазіргі балалар қызығып оқитындай біздің ұсынатын жүз шақты кітабымыз бар. Оны министрлікке өткіздік, тек қолдау күтіп отырмыз. Ал Кеңес дәуірінде жазылған көптеген кітаптарды қазіргі балаларды қызықтырады деп айту қиын. Сондықтан конкурстың қаламгерлерге де, оқырманға да берері көп.
Балалар әдебиеті дегенде бірінші ойға келетіні фантастикалық жанрлар. Жалпы балалар қандай жанрларды оқу керек?
Осы салада қызмет етіп жатқаннан кейін, зерттеулерді де бірге жүргізіп отырмыз ғой. Қазіргі балалар көбінде фэнтези жанрлар, сосын мистикалық шығармалар мен детектив жанрындағы шығармаларды көбірек оқиды екен. Балаларға сол өте қызықты болып келеді. Одан кейін тағы бір дүние, бізде, мысалы үшін, балабақшаның балаларына тақпақтар мүлдем жоқ. Яғни 3 жастан 5 жасқа дейінгі, 5 жастан 11 жасқа дейінгі деген дүние бар. Қазіргі байқауда біз соны басты шарт қылып, негізге алып отырмыз. Содан кейін балалар қазір заманауи ертегілерді жақсы оқиды, қызығып оқиды.
Балалар әдебиетін дамыту үшін конкурстарды көбірек ұйымдастыру керек дедіңіз, ал балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін не істеуіміз керек?
Балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру үшін ата-аналар кітап оқуы керек. Мысалы үшін Қазақстанда 30 % ата-аналар оқиды екен, ал 70% ата-ана балаларына кітап оқы деп айтады, бірақ өзі қолына кітап ұстамайды екен. Қазақтың сөзі бар ғой, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп, яғни ата-анасы баласымен бірге кітап оқып, соны жастайынан қызықтырып, ынталандырып, тартып отырса, баланың кітапқа деген қызығушылығы оянады да, ертең ол есейе келе қолынан кітап түспейтін немесе кітапты таңдап, талғап оқитын оқырманға айналады.
Сосын Кеңес дәуірінде өзіңіз білесіз, айдаладағы малшылардан бастап қойын-қопшынына кітап тығып оқушы еді ғой. Біз сондай дәстүрлі қалыптастыруымыз керек. Сонымен қатар, экран жарнаманың ең негізгі басы. Біздің телеарналардан кітапты көбірек насихаттауымыз керек. Балалар белігілі адамдар туралы, өздері оқыған кітаптары туралы қызыққан кейіпкерлері туралы көбірек айту керек. Үлкен-үлкен кітапты насихаттайтын бағдарламалар керек. Кітапты, балалар жазушыларын, жалпы руханиятты насихаттайтын көптеген бағдарламалар керек деп ойлаймын.
Ал бұл жолда балаларға арналған «Балапан» телеарнасының ықпалы болып жатыр ма?
Біздің республикамызда халықтың тең жартысы балалар мен жасөспірімдер. Енді сол 7-8 млн балаға бір «Балапан» телеарнасы жетпейді ғой деп ойлаймын. Ал «Балапан» телеарнасының қазақ балаларына беріп жатқан дүниесі ұшан-теңіз. Бірақ, өкініштісі, бізде қазақтардың көбісі ана тілін жетік білмегендіктен, «Балапан» телеарнасын сол қазақтілді отбасының балалары ғана қарайды. Ал тілі орысша шыққан балалар Ресей телеарналарын қарайды. Сондықтан біз әлі күнге Ресей телеарналарынан, «Маша мен аюдан» құтыла алмай келе жатырмыз. Бірақ сондай да сапалы дүние жасап та үлгерген жоқпыз деп ойлаймын.
Балаларға арналған кітаптарды, шығармаларды «Балапан» телеарнасынан, ютубтағы танымал каналдардан насихаттау жұмыстары неге жүргізілмей жатыр?
Енді бұл мемлекеттің деңгейінде қаралатын мәселе. Яғни қаржыға келіп тіреледі. Ютубтан канал ашқан, қаншама оқырманы бар белгілі бір блогерге немесе бір жұлдызға балалар әдебиетін насихаттау үшін парақшаңызға салып беруін сұрасаңыз, 500-600 мың теңге сұрайды. Мемлекеттік деңгейде үлкен бір байқау жариялауға ақша таппай отырып немесе жарияламай отырып, қаламгерлер 500-600 мың теңгені қайдан тауып береді? Сондықтан балалар әдебиетін қолдау кеңесі ме, немесе балалар әдебиетіне арналған бір дүние ме, бір ұйымды мемлекеттік деңгейде ашып, оған бюджеттен жыл сайын тұрақты қомақты қаржы бөлініп отырса, мысалы бізде «Аударма бюросы» бар ғой, мемлекеттен қаржыландырылатын, сондай деңгейде қойылып, тапсырма берілсе, қыруар шаруа істеуге болады деп ойлаймын.
Әңгімеңізге рақмет!
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ