Еуропа комиссиясы қазақстандық әуе компанияларының Еуропаға ұшуына салған тыйымын жойды, - деп хабарлады Қазақстанның азаматтық авиация комитеті.
Еуропа Одағының ұшу қауіпсіздігі тізімін Еуропа комиссиясы әуе кеңістігі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түзеді. 8 желтоқсанға дейін бұл тізімде "Эйр Астанадан" өзге барлық қазақстандық әуе компаниялары кірген еді. "Халықаралық талаптарға сай келмейтін компаниялардың тізімі жаңартылған соң қазақстандық барлық әуе тасымалдаушылары бұл тізімнен шығарылды" делінген комиссия сайтындағы хабарламада.
Тізімді жаңартау туралы шешім Еурпоа комиссиясының 22-24 қараша аралығында ұшу қауіпсіздігі жөніндегі комитетінің отырысына қатысқан сарапшылардың тұжырымы бойынша қабылданған.
Қазақстандық әуе компаниялары Еуропа комиссиясының қара тізіміне бірінші рет 2009 жылы енгізілген. 2014 жылы желтоқсанда Еуропа комиссиясы "Эйр Астанадан" өзге барлық қазақстандық әуе компанияларының Еуропа әуе кеңістігінде ұшуына тыйым салған.