Фото: t.me/baidildinovoil
Астана мен Алматыдағы қоғамдық көліктегі жолақы 500 теңге болуы керек деп мәлімдеген Энергетика министрінің бұрынғы кеңесшісі, сарапшы Олжас Байділдиновке қатысты ҚР Энергетика министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Ult.kz.
"Кейбір БАҚ-та Олжас Байділдинов "ҚР Энергетика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі" ретінде көрсетілген материалдар жарияланғанына және оның қоғамдық көліктегі жолақы тарифтері жөніндегі пікірлеріне қатысты Министрлікке сұраныстар түсіп жатқанына байланысты төмендегіні хабарлаймыз:
Олжас Байділдинов ҚР Энергетика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі болып табылмайды.
Оның қоғамдық көлік қызметтері тарифтерін қалыптастыру мәселелері бойынша айтқан пікірлері жеке көзқарасы болып табылады және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының ресми ұстанымын білдірмейді.
Қоғамдық көлік қызметтері тарифтерін қалыптастыру жергілікті атқарушы органдардың (әкімдіктердің) құзыретіне жатады. Аталған мәселе Энергетика министрлігінің қызмет саласына кірмейді және оның күн тәртібінде жоқ", - делінген хабарламада.
Бұған дейін сарапшы Олжас Байділдинов Астана мен Алматыдағы қоғамдық көліктегі жолақы қазіргі 110–120 теңгенің орнына 500 теңге болуы керек деп мәлімдеген еді.
Байділдиновтің пікірінше, қоғамдық көлік саласындағы мемлекеттік субсидиялар ашық емес, жемқорлыққа жол ашады және қызмет сапасын арттырмайды. Ол субсидияларды алып тастап, жолақыны нарықтық еркін бағамен белгілеуді және жол қашықтығына қарай сараланған төлем жүйесін енгізуді ұсынды.
Еске салайық, 2022 жылғы қанды Қаңтар оқиғалары кезінде Байділдинов сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты айтқан пікірінен кейін қоғамда түрлі реакция тудырған еді. Ол сол кезде баға өсіміне наразы болғандарға «қоғамдық көлікке ауысыңыздар» деп кеңес беріп, газдың литріне 15–20 теңгеге қымбаттауы — елеусіз сома екенін, «қазір біз интернетке бұдан да көп төлейміз» деп айтқан болатын. Бұл сөзі наразылардың ашуын туғызды.
