Орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары бюджет қаражатын уақытылы және сапалы орындалуын бақылауда ұстауы қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«8 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «2020 жылға арналған республика бюджетін нақтылау туралы» Жарлыққа қол қойды. Ол экономика өсімін сақтау және ынталандыру үшін дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға және мемлекеттің барлық міндеттемелерін орындауға бағытталған. Қаражатты экономиканың нақты секторларына дер кезінде жеткізудің маңызы зор. Сондықтан орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары бюджет қаражатын уақытылы және сапалы орындалуын бақылауда ұстауы қажет», - деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, Үкімет әлемдік және өңірлік экономиканың сын-қатерлеріне жауап беретіндей дағдарысқа қарсы шаралар қабылдап, іске асырып жатыр. «Жұмыспен қамту» жол картасы бекітілді. Ол 7 мыңнан астам инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға және шамамен 250 мың жаңа жұмыс орнын құру арқылы жұмыспен қамтуға бағытталған.
«Әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымы, коммуналдық шаруашылық бағыттары бойынша 600 жаңа нысан салу көзделген. Бірқатар мемлекеттік бағдарламаны, оның ішінде «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларын құрылысты кеңейту бойынша қаржыландыру ұлғайтылды. Шағын және орта бизнес кәсіпорындарын салықтық ынталандыру бойынша кешенді шаралар қабылданды», - деді Асқар Мамин.
Премьер-Министр «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жеңілдікпен кредиттеу 1 трлн теңгеге дейін кеңейтілгенін айтты.
«Қажетті шаралар қабылданды. Енді өңірлер қарқынды жұмыс істеуі керек. Барлығы мемлекеттік органдардың тиімді және үйлесімді жұмысына байланысты. Премьер-Министр орынбасарларына осы мәселелерді өз бағыттары бойынша бақылауда ұстауды тапсырамын», - деді Үкімет басшысы.