Фото: Gov.kz
Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына 32 жыл толып тұр. Осы ретте Жетісай қаласындағы «М.Горький» атындағы №1 мектеп-гимназиясында ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында бейбіт тұрғындардың тыныштығын күзетуде ерен еңбек етіп, Ішкі Істер органдарында қызмет атқару кезінде қаза тапқан полиция полковнигі Серікбаев Әбдіғаппар Бердіқұлұлының есіміне берілген «Полиция сыныбы» ашылды, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Сыныптың ашылу салтанатына Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен Түркістан облысы полиция депертаменті тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мақсат Асқаров, аудандық білім бөлімінің басшысының міндетін уақытша атқарушы Адайбеков Шохан Жолдасбекұлы мен облыстық ІІО және ҰҰ ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанәділ Құмарбеков, аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Сапарбеков Адилбек Әбдіраймұлы мен аудандық мәслихат аппаратының басшысы Сакен Досымов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтбай Маханбет, Әбдіғаппар Серікбаевтың отбасы мен ағайын-туыстары қатысты.
«Отанды сүю – өз еліне адал берілгендік. Оған қалтқысыз қызмет ету – оның мүдделері мен қауіпсіздігін қорғау. Отанды қорғау ісіне ардагерлеріміздің үлгісімен әрқашан дайын болып, намыс туын жоғары ұстау баршамыздың міндетіміз. Тек қана оңтүстік өңіріне ғана емес күллі республикаға, қала берді алыс-жақын шет елдерге ҚАПАШ есімімен танылған Әбдіғаппар Бердіқұлұлының есімімен аталатын сыныпта білім алатын оқушылардың да нағыз елжанды, іскер, жаңашыл болып қалыптасатынына күмәнім жоқ» деген аудан басшысы жас полицейлерге куәлік тапсырды.
Осы сәтті пайдалана отырып, жас тәртіп сақшыларын мектеп бітірген соң ІІМ жоғары оқу орындарына түсіп, Қазақстанның гүлденуі, Отанын сүю, әрбір адамның бірлігі мен сенімін бағалау жолында ішкі істер органдарында қызмет етуді жалғастыруға шақырамын, – деді полиция полковнигі Ерлан Шамшат. Полиция сыныбының ашылу салтанатында мектептің 11-сынып оқушыларынан 18 оқушы ант беріп «жас сақшы» қатарына қосылды. Сондай-ақ Жетісай аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен №1 М.Горький атындағы мектеп гимназиясында Отан үшін қызмет етіп, ІІО-да қызмет атқару кезінде қаза тапқан полиция полковнигі Әбдіғаппар Бердіқұлұлы Серікбаевтың атына полиция сыныбы ашылды.
Сыныптың ашылу рәсіміне аудан әкімі Серік Мамытов Түркістан облыстық полиция департаменті тәрбие және кадр жұмысы басқармасының орынбасары Ерлан Шәшат, Әбдіғаппар Серікбаевтің жұбайы Айнаш Сатиева, ұлы Сұлтан Әбдіғаппарұлы арнайы қатысты.
Сыныптың ашылу салтанатында Жетісай аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Сапарбеков Әділбек Абдрайымұлы сөз сөйлеп өскелең ұрпаққа полиция мамандығының қоғамда алатын рөлі жайлы айта келіп, марқұм болған Әбдіғаппар Серікбаев туралы жылы естеліктерін айтты. Аталмыш сыныпты ашудағы мақсат — жас жеткіншектер арасында Қазақстан полициясының имиджін көтеру, ержүректілікті дәріптеу, Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық рухта оқушыларды тәрбиелеу.