11 қаз, 2024 сағат 23:32

Еңбек адамы: Жаны жайсаң жомарт жан

Фото: okg.kz


Түлкібаста өзгеше азамат тұрады. Өзгешелігін жүзінің жылылығынан, ыстық ықыласынан аңғаруға болады. Ел құрмет тұтатын жақсы кісінің Түлкібас ауданының құрметті азаматы деген атағы да жоқ емес. Бүгінде есімі Майлыкент өңіріне танымал. Өзі «Тұрар Рысқұлов автобус паркі» ЖШС-нің директоры.  


Жаны жайсаң Қалмахан Сексенбаев жайлы мақала жазуды жөн көрдік. Жұртшылыққа қадір-қасиетін жеткізсек дедік. Осы мақсатта өзім сырттай білетін кейіпкерімнің бітім-болмысын, адами қасиеті мен өнегелі өмір жолын зерттей бастадым. Тұла бойындағы ізгілікті аңғардым. Қолыма Қалмахан Мамытбекұлының өмірінен сыр шертетін құнды құжаттар, түрлі басылым беттеріне шыққан суреттерімен қоса берілген мақалалар ілікті. 


Қ.Сексенбаев 1961 жылы 9 қазанда Түлкібас ауданының Калинин ауылында туған. Қарт Қаратаудың етегіне қоныс тепкен аядай ғана шағын ауылда оның қайта оралмас бақытты балалық шағы өтті. Ол – табиғаты әсем, жанға жайлы таза ауасы бар, көрікті Қожамберді ауылы. 


«Әке көрген оқ жонар» деген. Ұлы Отан соғысының ардагері, қарт майдангер, асқар таудай әкесі Мамытбектің тәлім-тәрбиесін көрді. Әкелік қамқорлықты бойына сіңіріп өсті. Еңбекке ерте араласты. Соған қарамастан сабағын жақсы оқыды. Қазақы ауылдың, жылы ұя – отбасының тәрбиесін көрген бала емес пе, үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға бейім өсті. Ауылдағы тұрмысы төмен балаларға қол ұшын беруге ұмтылатын. Әсіресе, жетім-жесірлерге ұдайы қол ұшын беруді көріп-біліп өсті. 


Ол Майтөбе елді мекеніндегі Гагарин атындағы орта мектепті ойдағыдай бітіріп шығып, Шымкент қаласындағы автомеханикалық техникумға құжат тапсырды. Бала кезінен техникаға бір табан жақындығы, әуестігі байқалатын Қалмахан аңсаған арманына қол жеткізу үшін аталмыш техникумда да ерекше көзге түсіп, озат оқушылардың қатарында болуға тырысты. Одан әрі жүрегі қалаған мамандығына қол жеткізіп, үлкен еңбекке араласты. Едәуір өмірлік тәжірибе жинақтаған соң, білімін одан әрі жетілдіруді ойлады. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне оқуға түсіп, экономика факультетін бітіріп шықты. 


1988 жылдың қараша айынан өзінің мамандығына сай №1 Шымкент автобус паркіне жұмысқа тұрды. Берілген ісіне жауапкершілікпен қарап, алған теориялық білімін тәжірибеде жүзеге асыра бастады. Талпынып, көп білуге ұмтылды. Ұядағы тәрбиесінің арқасында болар, жас маман өзінің  жайдары мінезімен, қарапайымдылығымен көзге түсті. Еңбексүйгіштігі тағы бар. Айналасына құрметті маман ретінде таныла бастады. Тынымсыз әрекеті мен жауапкершілігі алға жетеледі. Ұжымда көзге түсіп, көп ұзамай  қызметтік дәрежесі өсті. Қалмахан Мамытбекұлы 1996 жылы аудандағы «Ванновка жолаушылар тасымалдау» мекемесіне директордың орынбасары қызметіне тағайындалды. Кейін бұл мекеме «№16 Т. Рысқұлов автобус паркі» деп аталғанда, осы серіктестікке басшы болды. Міне, содан бері мекеменің директоры ретінде жемісті қызмет атқарып келеді.


Осы уақыт аралығында Түлкібас ауданында көптеген игілікті істер атқарылып, жан жадыратар талай іс-шаралар жүзеге асты. Әрине, ондай іс-әрекеттер автобус паркінің қатысуымен өтеді, өйткені, жолаушылар тасымалының ауқымы кең. Сондықтан аудан көлемінде атқарылатын үлкенді-кішілі тірлікте Қалмахан Сексенбаев басқаратын автобус паркі ұдайы белсенділік танытып жүреді. Күні бүгінге дейін шеткері қалған жері жоқ. Қашан көрсең, елге келген қонақтарды тасымалдап, халыққа қызмет етеді. Мәртебелі меймандарды облыс орталығына, көршілес Таразға, Алатау баурайындағы Алматыға жеткізіп салу бұл автопарк ұжымы үшін үйреншікті жағдайға айналып кеткелі қашан.


Сонымен қатар, ауданда құрылған «Қайырымдылық», «Қамқорлық» қорлары аясында қазыналы қарттарды, асыл әжелерді, мектеп оқушыларын жылда облыс аумағындағы қасиетті де киелі жерлерге саяхатқа, зиярат етуге апару жұмыстарын негізінен «Т.Рысқұлов автобус паркі» мекемесі атқарады. 


Ауданды әр жылдары басқарған Жеңісбек Мәуленқұлов, Асқар Бейсенбаев, Қалыбек Алдабергенов, Дархан Мыңбай, Ерғали Сарманов, Қайрат Әбдуәлиев, Нұрбол Тұрашбеков, Нұрлан Байғұт, Нұржан Ізтілеуов секілді әкімдермен жақсы қарым-қатынас орнатып, олардың сенімінен шықты. Бастысы, жергілікті халық автобус паркінің қызметіне көңілдері толады, жұмыстарына дән риза. Автобус паркінің жұмысы жеңіл деуге келмейді. Дегенмен, еңбекқор, іскер азамат саланың сан қырлы қиыншылықтарына мойынсынбады. Жерлестерінің сенімінен шығуды басты мақсаты деп білді.


Қайырымдылық істері де жетерлік. Мәселен, А.Макаренко атындағы жалпы орта мектебі жанындағы интернатта жетім-жесір, тұрмысы төмен, әлеуметтік осал топтағы отбасы балалары да оқиды. Оларды еліміздің көрікті жерлеріне, киелі мекендеріне саяхатқа, зияратқа апарып жүрген де аталған парктің автобусы мен жүргізушілері. Мұнан бөлек, мүгедек жандарды, қарт кісілерді, әжелерді бөле-жармай, айтқан талап-тілектерін орындауды мақала кейіпкері азаматтық борышы санайды. Сонымен қатар, жыл сайын «Т.Рысқұлов автобус паркінде» ұзақ жыл еңбек етіп, зейнетке шыққан азаматтардың басын қосып, өмірден озған жандардың рухына Құран бағыштап, ниетін білдіріп отырады. 


Әрине, Қалмахандай атпал азаматтың ұзақ жылғы маңдай тері мен қажырлы еңбегі зая кеткен жоқ. Ұйымдастырушылық қабілеті мол, іскер басшы Қалмахан Сексенбаев «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 10, 20, 30 жыл», «Шапағат», «Түлкібас ауданына – 90 жыл» медальдерінің, ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінің «Құрметті автокөлікші» төсбелгісінің, «Аманат» партиясы төрағасының, облыс, аудан әкімдерінің құрмет грамоталарының, Алғыс хаттарының иегері. Қосағымен тату-тәтті ғұмыр кешіп, алтын асықтай төрт перзент тәрбиелеп өсірді. Олардан төрт немере сүйді. 


Бір сөзбен айтқанда, зейнеткерлік 63 жасқа толған Қожамберді  ауылының төл перзентіне қуанышты күніңіз құтты болсын, елге сіңген адал еңбегіңіздің тек жемісін көріңіз дегіміз келеді. 

Орынтай  КӨМЕКОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Түлкібас ауданы