Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесінде Түркістан облысы, Қазығұрт ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшылығы ауданның құрметті тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Анарбай Мырзахметовті құттықтады, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
– Аға буын салт-дәстүрлердің тәлімгерлері мен сақтаушылары бола отырып, бізге үлгі болады. Олардың әрбір сөзі, естелігі және дана кеңесі – баға жетпес байлық. Біз олармен әрқашан байланыстамыз. Біздің кішігірім көмегіміз, олардың денсаулығына, көңіл күйіне жақсы жағынан әсер етеріне сенеміз, – деді Қазығұрт ауданы қорғаныс істері бөлімінің бастығы, майор Бағлан Өрісбай.
Қарабау ауылдық округінің Сынтас ауылының тірі аңызы, Анарбай Мырзахметов жұбайы Шаменмен және ұлының отбасымен бірге Бәйдібек көшесі, 56-үйде тұрады. 1944 жылы 18 жастағы Анарбай өз еркімен соғысқа кетті. Берлинді алуға қатысып, сол қалада көптен күткен жеңісті қарсы алды. Оның марапаттарының арасында «Берлинді алғаны үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» және т.б. медальдары бар.
1950 жылы, Анарбай Мырзахметов әскерден үйіне оралды. Туған ауылының Шамен есімді 18 жасар қызына үйленді. Мал шаруашылығында еңбек етті. Қой фермасын басқарды және бейбіт өмірде жетістіктерге жетті.
Биыл Анарбай Мырзахметұлы 96 жасқа толды, ал үйіндегі әжеміз 92 жаста. Олар бірге 74 жыл болды. Он ұл мен қыз өсіріп, солардың 43 немересінің тәрбиесіне белсене қатысып келеді.
Сонымен қатар, Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов бірқатар басшылық құраммен бірге 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесі қарсаңында жасы 100-ден асқан Ақбұлақ ауылының тұрғыны Қызылкүл Қуандықованы төл мерекесімен құттықтап, шаңырағына арнайы барды.
– Сіздің әрбір жүріп өткен өмір жолыңыз өскелең ұрпақ үшін өшпес өнеге. Міне, бүгінде еңбегіңіздің зейнетін көріп отырған шақта да ұрпақтарыңызға ізгі істердің жарқын үлгісін көрсетіп келесіз. Қашанда шаңырағыңыздың ұйытқысы болып, шаттықтың сәулесін себе беріңіз. Отбасыңызға береке, бірлік тілеймін! – деді аудан басшысы А. Сәбитұлы.
Ғасыр куәсі атанған асыл анамызға аудан әкімі өзінің атынан арнайы құттықтау хаты мен сыйлықтарын табыстап, иығына ақ жаулық жапты. Өз кезегінде, жүз жасаған ана бүгінгі жас буынның өзіне көрсетіп жатқан сый-құрметіне аналық ақжарма тілегін арнады. Ауданды алға дамыту жолындағы жаңа бастамаларына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.