16 қыр, 2024 сағат 18:29

Еңбек адамы: Ол жасаған домбыра сөйлейді

 


Еліміздің бірқатар өңірлеріндегі оркестрлер мен ансамбльдерге, кәсіби орындаушыларға арнап домбыра, шертер, қобыз сияқты ұлттық музыка аспаптарын жасап жүрген Тәуірбек Дүйсенбиев Сауран ауданы, Үлгілі ауылының тумасы. Екеуміз бала күннен бірге өттік, дос-бауырмыз. Қазір ол Шымкент қаласында тұрады. Шеберханасындағы қоңыр үнді домбыра, қобыз, жаңғақ ағашынан дайындалған ыдыс-аяқтар мен кәдесыйлар оның ағаштан түйін түйген хас шебер екендігін аңғартады. Ағаш қалдықтарын кәдеге жаратып отырған ісмердің бұл еңбегі бүгінгі жастарға үлгі. Тал-дарақтан ұлттық нақыштағы бұйымдар жасайтын ел ағасының мақсаты біреу ғана – киелі де бірегей ұсталық кәсіпті артынан ерген ізбасар інілеріне үйретіп, мұра етіп қалдыру.

Кейіпкермен тілдесу барысында оның Дүйсенбі, Ізтілеу деген арғы аталарының да ұсталықпен айналысқанын, қолөнерге бала кезінен ынта қойғанын аңғардық. Әсіресе, ағаш ойып, тері илеп, жүген-өмілдірікке таспа тілетін, ер-тоқым жасап, жүген түйетін Кенжебек, Әмзе ағаларынан үйренгені көп. Көптен үйіне соқпап едік, байқаймыз, 65-ке келген ел ағасы тек домбыра, қобыз шабуды місе тұтпай, ағашты кесіп-жонып, күйдіріп, небір көз жауын алар туындылар жасауға кірісіпті. Жан-жағы толған үйеңкі, емен, қайың, жаңғақ, жиде ағаштарының тілгілері, жонылған жаңқалар. Құрал-сайманның түр-түрі бар. Қабырғадағы сөрелерде жартылай аяқталған ағаш бұйымдары, қазақтың ою-өрнегімен көмкерілген дүниелер толып тұр.

– Халқымыздың тұрмыстық заттарды жасау технологиясы ерекше, – дейді ол әңгіме арасында. – Бұл қазақтың мал өсіруімен, көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты болса керек. Көптеген бұйымдардың мал шаруашылығына тікелей қатысы бар екенін аңғардым. Мәселен, кезінде ер-тоқым жақсы бағаланған. Оның дайындалуына терімен қабат ағаш та аса талғампаздықпен пайдаланылған. Үй жиһаздары мен ыдыс-аяқтар да ағаштан жонылған. Енді, міне, ұлттық аспаптар жасауда да ағаш кеңінен қолданылуда. 

Ағашпен жұмыс істеу оңай емес. Көркем бұйымдар мен музыкалық ұлт аспаптарын жасайтын ағаштар табыла бермейді. Кейбір ағаштарды жеті жылдай кептіруге тура келеді екен. 

– Көп жылдық тәжірибемде орайын тапсаң, бәріне қол жеткізуге болатынына көз жеткіздім. Қазір еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұтынушыларымды әрдайым жаңа дүниелермен қуантуға асығамын, – дейді шебер.

Асқан төзімділікті, ептілікті талап ететін өнерді 30 жылдан астам уақыттан бері арқалап жүрген Тәуірбек Арынбекұлы бүгінде қолтаңбасы қалыптасқан хас шебердің нақ өзі. Оның бұл ісі елеусіз де қалмады. Қайбір жылы Түркістан облысының «Жыл қолөнершісі» атанды. Шағын кәсіпкерлікті қолдау қорының ақшалай жүлдесін бірнеше мәрте қанжығасына байлаған сәті де есте. 

Есімде, бір жылдары менің идеяммен ісмер дос-бауырым ұлының құдалығында құда-құдағиларына қытай мата-сатасынан құралған киіт орнына бір-бір домбырадан тарту еткен. Әдепкіде құдалар шамданып қалмас па екен деп ойлағанбыз. Жоқ, жүздерінен разы болғандықтары байқалды.

Тәуірбек Дүйсенбиев секілді шебердің қайталанбас дүниелеріне қарап, мұндай өнімдердің өз тұтынушысын табарына шүбә келтірмейсіз. Оның үстіне, ағаштан жасалған бұйымдар, күнделікті қолданыстағы ағаш ыдыстар экологиялық жағынан да таза. 

Саз аспаптарының шебері болу үшін, ең бастысы, шыдамдылық керек. Аспаптың сыртқы формасын байыппен жасаудан бөлек, оның даусын сазға үндестіріп шығару да ұзақ ізденісті талап етеді. 

Тапжылмай отырып ойдағыдай нәтижеге жеткізер төзім екінің бірінің бойына дари бермейтін қасиет. Ұлт аспабын жасауда байқампаздық пен ішкі түйсік қажет. Әрбір пайдаланған ағашың қандай қалыңдықта тілінуі керек, оның қаттылығы мен жұмсақтығы, дыбысқа әсер етуі сынды көптеген ерекшеліктерді байқап, іштей сезіне білу нағыз шебердің ғана қолынан келсе керек. 

Бұрындары аспаптардың ішектері малдың ішегінен, аттың қылынан жасалушы еді, қазір шеберлер балық аулауда пайдаланылатын «лескаға» көшті. Негізі, аспап сапасын табиғи мал өнімдері ашады. Ағаш өңдеу құралдарының дамуы да шеберлерге мол мүмкіндіктер ашып отыр. Шеберлердің ара, шот, балта, сүргі сынды қол саймандарының орнын электр тоғымен істейтін түрлі ағаш өңдейтін кескіш, тескіш, қырғы станоктары алмастыруда. Бұл құралдардың барлығы қол еңбегін азайтып, жұмысты әрі жеңіл, әрі таза істеуге мүмкіндік береді. Тәуірбек осы құралдардың көмегімен әртүрлі формаларды, иірімдерді, өрнектерді жасап жүр. 

– Өзім Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтының түлегімін. Актер, әнші мамандығым бар. Сондықтан жасаған аспаптарымның даусын, орындаушылық техникаға қолайлылығын, әрбір ішек мен перненің таза тұнық дыбыс беруін, тембрін толық сараптай аламын, – дейді қолөнерші. 

Кейде Тәуірбек көп уақытын материал іздеуге жұмсайды. Ішектердің, бояу мен лактың, сапалы желімдердің дені шет елден келеді. Өзімізде өндіріс жоқ. Мәселен, АҚШ, Германия, Чехия, Польша, Швейцария, Италия сияқты дамыған мемлекеттерде тек музыкалық аспап өндірісіне деп белгілі бір ағаш тұқымдарын өсіретін орман алқаптары бар. Сол ормандағы ағаш діңдері қажетті өлшемге дейін жуандағанда оны тіліп, ұзақ кептіріп, артынша жергілікті шеберлерге ұсынада және шетелдерге экспорттап жатады. Түркістан облысының да осындай өндірісті дамытып әкетуге толықтай әлеуеті жетеді ғой деп ойлаймыз. 

Тек ұлттық құндылықтарымызға деген жанашыр көзқарас керек те.

Бекжігіт СЕРДӘЛІ. 

ХҚТУ профессоры, композитор