11 қыр, 2024 сағат 18:43

Еңбек адамы: Нұрсұлу өнімдерін бүкіл Қазақстанға таратқысы келеді

 

Кентаулық Нұрсұлу  Батырбекова өткен жылы 1 млн. 380 мың теңге көлемінде мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін бастап кеткен.


Кентаудың шетінде тұратын Нұрсұлу  мемлекеттен берілетін демеу қаржыны (грант) ет-сүт бағытындағы ірі қара өсіруге алған.  Ол грант қаражатына 3 сүтті сиыр сатып алыпты. «Сиырларым бағымы жақсы болғандықтан түгел бұзаулады. Қазір 9 сиырым бар. Грант алмай тұрып та өзім мал бордақылаумен айналысып жүргенмін. Жолдасыммен үйде  азырақ мал ұстап, семізін сойып сатып, тірлік жасайтынбыз. Асыл тұқымды сүтті сиырлар алған соң,  сүтінен құрт, май, ірімшік жасап сатып отырмыз. Жұмысымыз нәтижелі»  дейді ол.


– Жалпы, кәсіпті бастағаныма 10 жылдан асып барады. Басында Алматыда асхана ашып, оны да жақсы жүргіздім. Тамақ жағында жүрген соң, еттің жайын жақсы білеміз. Алматыдағы асханамда 6-7 келіншекке  тұрақты жұмыс беріп отырғанбыз. Бұл жақтан оның жұмысын бақылау мүмкін болмаған соң былтырдан бері оны біреуге жалға бердік. Жалға бергенде 7-8 жылдан бері  таңның атысы, күннің батысы  жан аямай жұмыс істеп жүрген, осы асхананы аяққа тұрғызған келіншектерді жұмысында қалдырасыз деген шарт қойдым. Отбасылық жағдайға байланысты Алматыдан елге оралдық. Келген соң осы мал бағу жағына ойыстық. Кәсіп деген тынымсыз еңбек пен ізденістің арқасында ғана нәтиже береді. Сиыр сүтінен айырған құрт-май, ірімшік те жақсы ғой. Алайда, бұл бағытта  бәсекелестік өте жоғары. Жаз айларында құрт-майды екінің бірі сатады, ауыл адамдары базар жағалап кейде арзанға тастап та кетеді. Сол себепті бұл бизнесті түрлендіру керек деп шештім. Онсыз да ет сатамыз, етті сүрлеп сатамыз, қыс-күз айларында қазы айналдырып, қазы-қарта, жал-жая жасап, құйрық майды сүрлеп-сәндеп, тапсырыспен мейрамханаларға өткіземіз. Тауық та бағып жатырмыз. Бройлер тұқымдас тауықтар тез семіреді, – деген кәсіпкер өзінің бұл іске қалай бейімделгенін баян етті.


«...2021 жылы  әлеуметтік желіден сапалы шұжық шығаратын бір кісінің курсына онлайн қатысып, оқып алғанмын. Басында жай әуестік болған еді. Кейін шұжық өндірісін әбден бүге-шігесіне дейін зерттедім. Біздің қалаға жоғары сұрыпты (тек еттен жасалған) Белоруссия шұжықтары келеді екен. Кіләсі  10 мың теңгеден сатылып жатыр. Қымбат. Бірақ, өтіп жатыр, демек, тұрақты тұтынушылары бар. Неге маған да үй шұжығын сатпасқа деген ой келді. Басында өзімізге деп аз-аздан  жасап көрдім. Кейін көршілерге, таныстарға  ұсындым. Сосын қаланың басқа аудандарынан келіп ала бастады.  Қазір  күніне 18-20 келі шамасында шұжық жасап, бүкіл Кентауды үй шұжығымен қамтып отырмыз, Соңғы кезде Жезқазғаннан да тапсырыс түсіп жатыр.  Жоғарыда Белоруссия шұжықтарын кіләсін ойланбай 10 мыңнан алады деп айттым.  Мен  соны жергілікті еттен өндіріп, кіләсін 6000-6500 теңгеден сатып отырмын. Тек өз малымның  етінен болса сол кезде оның кіләсін 4000-4500 теңгеден, әрі кетсе 5000 теңгеден сатуға болар еді. Қазір шұжықтарыма етті  базардан 3000-3200 теңгеден сатып алып жасап жүрмін. Сақталу мерзімі – 1 апта ғана, таза табиғи өнім. Дәмі ерекше. Оны жеген кісі дүкендегі кіләсі 2000-2500 теңгелік шұжықты жей алмай қалады. Айырмасы жер мен көктей. Өйткені, арзан шұжықтар шандыр-шалым 3-сұрыпты еттерден жасалады. Оның дүкенде айлап сақталуы үшін түрлі қоспалар қосады. Ол қоспалардың зияндылығы туралы әңгіме бір бөлек. Шұжық, сосисканы жемейтін бала жоқ. Әуел баста шұжық жасауды үйренуіме себеп болғаны да сол балаларым зиянсыз, табиғи  таза өнім тұтынсын деген ниет еді. Сөйтіп, өз бетімше онлайн үйреніп, оны Instagram парақшама салып жүрдім.  Кейін білімімді тереңдетейін деп Ресейдің, Алматының технологтарынан тағы бір курс оқыдым.  Қысқасы, шұжықтың 12 түрлі ассортиментін жасауды үйрендім. Сұранысқа қарай  шығарып жатырмын.  Әзірге клиенттер үйден алып кетіп жатыр. «Шұға» базары әкімшілігімен келістім, бұйыртса, қараша айынан бастап орын беретін болды» дейді кәсіпкер. 


Нұрсұлу ханым наурыз айынан бастап үйренген өнерін, білімін көппен бөлісейін деп Instagram желісі арқылы  онлайн, офлайн курс ұйымдастырып, қыз-келіншектерді оқытып келеді. Бірнеше шәкірттері курсты меңгеріп, шұжық жасаудың қыр-сырын үйреніп шыққан.  Қазақстан бойынша 600-ден астам шәкірті бар. Енді олар да   өз цехтарын ашып жатыр екен.  «Атамекен» қоры ұйымдастырған жәрмеңкелерге өз өнімдерімен қатысып жүрген ол, құрт-май, ірімшік деген көп, ал, үй шұжығын  ілуде  біреу ғана шығаратынын аңғарыпты. Осылайша, Нұрсұлу  кәсіпкер шұжық өндірісіне бет бұрып отыр.


«Бүгінде ірі қара бар, құс бар, біздің мына үйіргелік жеріміз, қорамыз тарлық етіп жатыр. Сол себепті де жақында  жаңа бизнес-жоспар жасап, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына барған едім. Бірақ, биылға кешігіп қалыппын. Мамандардың айтуынша, дәл шұжық өндірісіне биылғы жылға 6 пайыздық несие алу мүмкіндігі болған екен. Несие алу да оңай емес. Оның қаншама құжаттары, талабы болады. Он жылдан бері кәсіпте жүргендіктен одан қорықпаймын ғой. Бұйыртса,  Құсшы ата ауылынан 40 сотық жер алуға келісіп қойдық. «Атамекеннің» 6 пайыздық несиесін алсам, сол жерге қоражай салып, бизнесті түрлендіріп ет өндірісінің сан саласын дамытып, оның ішінде жоғары сұрыпты шұжық шығаруды қолға алсам ба деп отырмын. Өнімдерімді бүкіл Қазақстанға таратсам деп армандаймын. Ол кезде  мемлекетке қомақты салық төлеп, кемі 15 адамға жұмыс беретін кәсіпорынға айналар едік» дейді  Нұрсұлу ханым. 


Төрт түлік береке ғой. «Жесең ет, мінсең көлік» деп аталарымыз текке айтпаса керек. Сүті де, еті де, тіпті, жүні де ақшаға айналатын қып-қызыл табыстың көзі. Бүгінде  етті-сүтті бағыттағы ірі қара өсіріп,  бордақылап, ет өндіруді бизнеске айналдырып, оны  сан-салалы  етіп кеңейтсек деп отырған кәсіпкер келіншекке іштей риза болдық. Қолдайық, тұрақты тұтынушысының бірі болайық деген оймен парақшасына да жазылдық. Кәсібіне береке тіледік.

Әтіргүл ТӘШІМ,

«Оңтүстік Қазақстан»