05 шіл, 2024 сағат 17:07

Еңбек адамы: Ел мұрасын «арқалаған» аяулы ана


 Фото: kasipodaq.kz


Ult.kz тілшісі «Еңбек адамы» айдарын жалғастыра отырып, Сіздердің назарларыңызға Түркістан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бастауыш кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі Тәжібаева Балзия Тыныштықбайқызы туралы өрбітуді жөн көрдік.


Балзия Тыныштықбайқызы 1963 жылдың 30 тамызында Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысы, Түлкібас ауданының Кемербастау ауылында дүниеге келген.


Әкесі Тыныштықбайдың балалық шағын сұрапыл соғыс ұрлады. Бұғанасы қатпай ересектермен бірдей егіс даласында еңбек етіп, кейіннен колхозда бригадир, шопан, жылқышы, дүкенде ұста, қоймашы болып, зейнеткерлікке шыққан тыл ардагері 80 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Он құрсақ көтерген анасы Хадиша да өмір бойы колхозда еңбек етті. Кеудесіне бірқатар орден, медальдар тағып, «Алтын қол шебер» атағын иеленді. Бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан алтын құрсақты ана 9 қыз, 1 ұл өсіріп, немере-шөберелерінің қызығын көріп отыр.


Бақытын адал еңбектен тапқан осындай отбасында дүниеге келген қыздардың ортаншысы Балзия алдымен «Кемербастау» сегізжылдық мектепті тәмамдап, 9-10 сыныптарды аудан орталығындағы Абай атындағы мектепте жалғастырды. Мектеп жасынан өнерге, жазу-сызуға жақын болып өскен ол бес жасынан ән айтса, бесінші сыныптан алғашқы балаң өлеңдері мен шағын мақалалары аудандық, республикалық мерзімдік басылымдарда жарық көре бастады.


Мектептен түлеп ұшқан қайсар қыз арман қала Алматыға аттанды. Алайда, үлкен өмірдің алғашқы қиыншылықтары да қыр көрсетіп, сол жылы жоғары оқу орнына түсудің сәті түспеді. Дегенмен, бұған мойыған Балзия болмады. Туған ауылға қайта оралып, колхоз жұмысына араласты. Бала кезінен өнерге құмар Балзия көп ұзамай сол уақытта аты дүркіреп тұрған Куйбышев халық театрына жұмысқа орналасады. Осылайша өнер жолындағы алғашқы қадамын туған жерінен бастаған ол өнерге шөліркеген ауыл тұрғындарына концерт қоятын.Келер жылы Алматы қаласындағы Эстрада және цирк өнер студиясының опера бөліміне оқуға қабылданып, музыкалық білім алды. Мұнан кейін Алматы кино техникумының кино қондырғыларын жабдықтау бөлімінде білімін жалғастырды. Студенттік жылдары да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өнерлі жастардың ортасында жүрген ол оқу орнының Алғыс хаттарымен және «XI бесжылдықтың жас гвардияшылы» белгісімен марапатталды.

1985 жылы оқуын тәмамдаған соң, Шымкент қаласындағы «Родина» кинотеатрына механик маманы болып жұмысқа орналасқан Балзия үш жылдан кейін отбасылық жағдайға байланысты Жамбыл облысының Жаңатас қаласына қоныс аударды. Араға 6 жыл салып, Шымкентке қайта оралды.


Журналист болсам деген бала күнгі арманы Балзия Тыныштықбайқызының жадынан бір сәтке де шыққан емес. Шымкенттен жарық көретін танымдық, отбасылық газет-журналдарды үзбей оқитын ол осы басылымдарға өзін толғандырған түрлі тақырыптарға жазған мақалаларын да жолдап отырды. Қаламының қарымы бағаланып, 1999 жылы «Замана» газетіне тілші болып қабылданды. Кейіннен жолдасының қызмет бабымен Жамбыл облысына қоныс аударғанымен, мерзімді басылымдарға үзбей мақала жазып тұрды.2009 жылы Шымкентке біржолата қайтып келіп, «Әйел құпиясы» газетіне жауапты хатшы болып орналасты. Ал, 2011 жылы сол кезде жаңадан жарық көрген «Әйел денсаулығы» газетінің редакторы болды. 2013 жылы Түлкібас ауданының еңбек майданында ерен еңбектерімен танылған азаматтарын насихаттаған «Туған жерді түлеткендер» кітабын жарыққа шығарды. Осы жылы Қазақстан Журналистер одағына мүшелікке қабылданды. 2014 жылы республикалық «Шуақты отбасы» газетінің бас редакторы болды. Осылайша оның бала күнгі арманы орындалды.


Сол 2014 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің баспасөз хатшысы қызметіне кіріскен Балзия Тыныштықбайқызы осы кезден бастап Шымкент қаласы «Ауған соғысы мүгедектерінің қоры» қоғамдық бірлестігінің жұмысына да белсене араласты. Ал, 2016 жылдан аталған қоғамдық бірлестіктің баспасөз хатшылығын өзге қоғамдық жұмыстарымен қоса атқарды.


Әке қанымен, ана сүтімен дарыған еңбекқорлық, қайсарлық, ізденімпаздық қасиеттері Балзия Тыныштықбайқызын абырой биігіне көтерді. Қанша қоғамдық жұмысты қатар атқара жүріп, шығармашылық ізденісін де тоқтатпаған ол Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастырумен жарық көрген «Ерлікелге мұра» атты жинақ кітапқа атсалысып, Шымкент қаласындағы «Жебе» баспа үйінен шыққан «Жылдың 100 жаңа есімі», «Қазақстанның ардақты ардагерлері мен билері» атты автобиографиялық энциклопедияларын құрастырушы тобына жетекшілік жасады.


Сонымен қатар, 2018 жылы облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастырумен жарық көрген «Аялы әже» жинақ кітабының құрастырушы әрі шығарушы редакторы болды. 2018 жылы Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музей филиалы «Ерлік» музейінде, 2022 жылы ақпан айынан бастап Түркістан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында ғылыми қызметкер болып еңбек етеді. Республикалық «Ардагерлер тынысы» журналының аймақтық тілшісі. Сондай-ақ, «Мектеп», «Жас ғалым» дарынды балаларға арналған республикалық ғылыми-танымдық журналдары мен «Алтын ұя» газетінің де белсенді тілшісі.


Балзия Тыныштықбайқызы елеулі еңбегі үшін 2020 жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай шығарылған «Ұлы Жеңіске – 75 жыл» кітабына атсалысқаны үшін Шымкент қалалық ақын-жазушылардың «Қаламгер» қоғамдық әдеби бірлестігінің «Үздік шығармасы үшін» медалімен, Б.Момышұлы атындағы «Батыр Шапағаты» медалімен, Д.А.Қонаев атындағы «Алтын» медалімен, «Түлкібас ауданына – 90 жыл» мерекелік төсбелгісімен, Президентіміз Қ.К. Тоқаевтің шешімімен «ҚР Тәуелсіздікке 30 жыл» мерекелік медалімен, Түркістан облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, Түркістан облысы мәслихатының Грамотасымен, Түркістан облысы ішкі саясат басқармасының, Түркістан облыстық «Нұр Отан» партиясының, Түлкібас ауданы әкімінің, Шымкент қаласы, Абай ауданы әкімдерінің, ҚР «Ардагерлер ұйымы» РҚБ ОК-нің, Оңтүстік Қазақстан облыстық, Шымкент қалалық ардагерлер кеңестерінің, Шымкент қаласы «Ауған соғысы мүгедектерінің қоры» ҚБ-нің, облыстық «Ерлік» мұражайының, Түркістан облысы білім басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталған.


Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының әспеттеуімен «Дәнекер» сыйлығының иегері. 2021 жылдан Түлкібас ауданының «Құрметті азаматы».Балзия Тыныштықбайқызы – 38 жыл ғұмырын бірге өткізген Құдай қосқан қосағы Айтбай Жұмабайұлы екеуі Махамбет, Дәурен, Әзіз есімді 3 ұл өсіріп, Лаура, Диана есімді келіндер тәрбиелеп, Әйкен, Аңсар, Көркем, Мансұр, Исатайдай немере сүйіп отырған асыл ана, ардақты әже.