20 қыр, 2024 сағат 22:35

Еңбек адамы: Адал ісімен көпке үлгі


Фото: aikyn.kz


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен «Адал азамат» тұжырымдамасының бір тарауы сол еңбек адамынан басталады. Адал азамат дегеніміздің өзі – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қоятын жан.


«Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды оз­ық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады», – деп атап өтті Мемлекет басшысы өз сөзінде. 


Қыркүйек айының соңғы жексенбісінде аталып өтетін Еңбек күні қарсаңында біз де елімізге сіңірген еңбегімен, адал қасиеттерімен танылып жүрген нағыз маңдай тер, адал еңбектің нанын жеп жүрген жандар жөнінде, қарапайым еңбек адамы жайлы айтсақ деген едік. Пайызхан Есалиев Түркістан облысы Арыс қаласындағы Арыс локомотив пайдалану депосында вагон қабылдаушы болып жұмыс істейді. Алғашқы еңбек жолын осында бастап, табан тіремей ширек ғасырдан аса еңбек етіп келе жатқан нағыз қара күштің иесі. 


Құрамында локомотивтерге техникалық қызмет көрсету пункті, құммен жабдықтау қоймасы бар Арыс локомотив пайдалану депосының ғасырдан астам тарихы бар. Арыс-Тараз-Арыс және Арыс-Сарыағаш-Арыс бағытында жүк тасымалдау қызметтерін атқаратын қызмет көрсету ауқымы кең депода Пайызхан Қожанұлының өзімен бірге әкесінің де талай жылғы еңбек ізі жатыр. «Орталық Азия қақпасы» атанған Арыс қаласында теміржолшы отбасында туған оның әкесі осы депода жұмыс істепті. Құрметті теміржолшы атанып, айналасына сүйкімді  болған жанның ұлы да әкесіне еліктеп өскен. Өскенде мен де темір­жолшы боламын деген қиялы оны ақыры осы салаға жетектеп келіпті. Алғашқы еңбек жолын сонау 1986 жылы слесорлықтан бастап, вагон жөндеу бойынша бригадир, доңғалақ цехтың шебері баспалдақтарынан өтіп, қазір Арыс локомотив пайдалдану депосының вагон қабылдаушысы қызметін атқарып жүр. Таңғы 9-да басталатын жұмыс кешкі 9-ға дейін жалғасады. 12 сағат жұмыс кестесімен вагондардың жөндеу жұмыстарын қадағалайды. 5 бөлшектен тұратын вагондарға әр 3 жыл сайын күрделі жөндеу жұмыстары жүреді. Ал Пайызхан Қожанұлы осынау вагон­дардың сапалы қызмет етуі үшін келген вагондарды қабылдап, оны ары қарай жолдауды жауапкершілікке алған. 


Арыс қаласының тоғыз жолдың торабы атануы да тектен-тек емес. Мұнда жолаушылар төрт тарапқа кетеді. Орталық Азия мен Қазақстанды біріктіріп тұрған ірі станса бар, тоғыз жолдың торабы аталуы да сол себептен. Сондықтан болса керек, халқының басым көпшілігі шойын жол саласында қызмет етеді.


Бүгінде 5 ұл-қыз тәрбиелеп, әрқайсысының өз жолын тауып кетуіне себепкер болып отырған отағасының ұжымында да абыройы асқақ. Адал еңбек, маңдай терін бағалаған ұжымдастары оны бірнеше марапатқа ұсынған. Арыс локомотив пайдалану депосының пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін сақтауды арттыруға қосқан үлестері үшін Президенттің алғыс­хатымен, министрліктің және облыстық, аудандық деңгейдегі билік өкілдерінен марапаттар алған. «Ұжымда ауызбіршілік мол, менікі, сенікі демей кез келген жұмысты бір кісідей атқарып, бір-біріне қолдау көрсетіп тұрады. Осындай ұжыммен жұмыс істегеніме қуаныштымын. Жұмысым өзіме ұнайды», – дейді Пайызхан Қожанұлы бізбен әңгімесінде. 


Мемлекет басшысы «Біз құрып жатқан жаңа қоғамда еңбек адамы ең бірінші орында тұруы керек» деген ұстанымын қолдау мақсатында біз де жұмысшылардың тыныс-тіршілігіне үңілдік. Қарапайым азаматтар күнделікті өмірде көрсетіп жатқан іскерлік, еңбекқорлық қасиеттер шын мәнінде біздің отаншылдық рухымызды көтереді деген сенімдеміз.


Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы