Фото: әншінің Instagram парақшасынан
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әнші Әли Оқаповтың әлеуметтік желідегі сыннан кейін "Құрмет" орденін қайтарамын деген мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Министр әншімен жеке сөйлескен.
"Ол кісі шығармашылық адамы болғаннан кейін бәрін эмоционалды тұрғыда қабылдаған. Ол маған: "Аида Ғалымқызы, шынымен де бәрі жан-жақтан талаған кезде, менің еңбегім емес деп, анаммен салыстырып жатқаннан кейін шыдай алмадым" деді. Қазір ондай сұрақ жоқ. Барлығы дұрыс", - деді Балаева мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына жауап беріп.
"Яғни, "Құрмет" ордені әншіде қалады ғой?" деп нақтылаған сұраққа:
"Иә, өзінде қалады", - деп жауап берді министр.
Ведомство басшысы жалпы мемлекеттік марапаттарды қайтаруға болмайтынын атап өтті.
"Бұл дұрыс емес. Әли Оқапов әлеуметтік желідегі пікірлерді жүрегіне жақын қабылдаған. Бір қызығы, бізде қазір барлық мәселеге пікір білдіретін сарапшылар көбейіп кетті. Бұлай істеуге болмайды. Сол себепті біз Әли Оқаповпен сөйлестік", - деді ол.
Бұған дейін Роза Рымбаеваның ұлы әлеуметтік желідегі теріс пікірлерден кейін "Құрмет" орденінен бас тартқан болатын. Кейбіреулер оны тек туыстық байланысы үшін ғана марапат алды деп есептеген.