Шілденің бірінен бастап Қазақстанда емханаларға тіркеу Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүзеге асырылады. Бұл шара емханалардың өкілеттігін асыра пайдалануына жол бермеу мақсатында қолға алынып отыр. Өйткені, елімізде тұрғынарды «сырттай» тіркеу фактілері бары жасырын емес. Бұрын заң бұзушылық болған-болмағанын анықтау үшін адамдардың қолтаңбасын салыстырып, құжаттарды тексеру қажет болатын. Қазір қызмет автоматтандырылды, сондықтан бұдан былай оны тексеру қиындық тудырмайды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарушы директоры Забира Оразалиева мәлімдеді.
Айтуынша, бұл азаматтар үшін қосымша тосқауылдар тудырмауы тиіс. Керісінше, тіркеу процесін ашық, объективті жүргізуге мүмкіндік береді.
«Халыққа қызмет көрсету орталығында кезекке тұрудың қажеті жоқ. Онда өзіне-өзі қызмет көрсетуге арналған бұрыштар бар. Арнайы мамандар электронды цифрлық қолтаңбаны пайдаланып, емханаға тіркелуге көмектеседі. Ал, егер цифрлық қолтаңбаңыз болса ешқайда бармай-ақ, egov.kz электронды үкімет порталы арқылы да тіркелуге болады», - деді Забира Оразалиева.
Басқарушы директордың сөзіне сүйенсек, Қор басшылығы тіркеу процесін емхана қызметкерлерінің араласуынсыз ұйымдастыру мақсатында осындай қадамға барып отыр. Өйткені, емхананың тіркеу бөлімі тіркелу үшін мекенжай анықтамасын, тіпті, анализ тапсыруды талап еткені жайлы арыз-шағым көп көрінеді. Шын мәнінде, тіркелу үшін жеке куәлік пен бас дәрігердің атына жазылған өтініштен басқа құжат қажет емес.
«Тіркелудің өзіндік тәртібі бар. Үйге дәрігер шақыру, «төртінші» санат бойынша жедел жәрдем шақыру үшін аумақтық принцип сақталуы қажет. Мысалы, егер сіз тұратын ауданда үш емхана болса, соның кез-келгенін таңдай аласыз. Бірақ біз үйге жақын маңда орналасқан емхананы таңдауға кеңес береміз. Бұл қажет болған кезде учаскелік дәрігердің үйге тез жетуіне, тиісінше көмек көрсетуіне мүмкіндік береді. Әдетте, өз учаскесіндегі пациенттердің денсаулық жағдайын учаскелік терапевт жақсы біледі», - дейді МСҚ басқарушы директоры.
Естеріңізге сала кетсек, азаматтар өзі тұратын микроучаскеден тыс жердегі емханаға да тіркеле алады. Жан басына шаққандағы норматив бойынша, мұндайда дәрігер шақырту бойынша науқастың үйіне барып қызмет көрсетуге міндетті.
«Былтыр арнайы бұйрыққа өзгерістер енгізілген болатын. Азаматтардан «үйге дәрігер шақыру қызметінен бас тарту» туралы өтініш жаздырып алуға емханалардың құқы жоқ. Мұндай заң бұзушылықтар болып жатса Қор міндетті түрде араласады. Егер өзіңіз тұратын микроучаскеден тыс орналасқан емхананы таңдасаңыз, аталған емдеу мекемесі сізге бастапқы медициналық-санитарлық қызметтің барлық түрлерін көрсетуге міндетті. Ал, төртінші санаттағы шақыртулар бойынша сіз тұратын аудандағы емханамен қосымша келісімшарт бекітуі тиіс. Сонда қажет болған жағдайда, жедел жәрдем тіркелген емханадан емес, жақын маңдағы емханадан келеді», дейді З.Оразалиева.