01 шіл, 2019 сағат 13:51

Елордалық дәрігерлер Арыста зардап шеккен 2 баланың жағдайы туралы айтты

 

Арыстағы жарылыстан зардап шеккен екі бала елордаға ем алуға жеткізілген болатын. Астаналық дәрігерлер балалардың бүгінгі жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«28 маусым күні кешке қарай Шымкенттен 2005 және 2011 жылы туған екі кішкентай науқас біздің балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлер екі науқастың да бас миы мен көкірегін КТ өткізіп, біреуіне операция жасады. Қазіргі уақытта екеуі де нейрохирургия бөліміне ауыстырылып, ем алып жатыр. Оның біреуі, яғни 2011 жылы дүниеге келген баланың жағдайы ауыр. Екі балаға да диагностика жасалып, ем алу толық көлемде жүргізілуде. Зардап шеккен балалардың денсаулығын жақсарту жолында өзіміздің, сонымен қатар, республикалық нейрохуриргия орталығының мамандары күресіп жатыр», - деді қалалық №2 балалар ауруханасының бас дәрігері Біржан Досмайылов.

Оның айтуынша, екеуі де ашық бас жарақатын алған және толық жазылғанша ауруханада жатады.

«Балаларды елордаға алып келерде ата-аналасынан рұқсат алынды және олар қазір балаларымен бірге», - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов екі баланың ем алу үшін елордаға жеткізілгенін айтқан болатын.

«№2 қалалық балалар ауруханасында балалардың еміне қажетті барлық жағдай жасалған. Білікті мамандарды шақырдық, мұнда медициналық аппараттар мен дәрі-дәрмек те жеткілікті. Балалардың жағдайы менің  жеке бақылауымда болады», - деді министр.