Жексенбі күні Нұр-Сұлтан қаласындағы «Гүлжан» сауда үйінің маңында болған көлік апатының жай-жапсарын қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берген Әлия Рүстемова апаттан көз жұмған әйел жедел жәрдем көлігі келгенде есін біліп жатқан деген ақпараттың жалған екенін айтты.
«Гүлжан» сауда үйінің ауданында екі жеңіл көлік соқтығысып, газет сататын дүңгіршекке кіріп кеткен. Дүңгіршек маңында болған адамдар зардап шегіп, 1967 жылғы әйел адам оқиға орнында көз жұмды. Жарақаттың ауыр болғаны соншалық, ол дәрігерлер жеткенше жан тапсырған. Жедел жәрдем оқиға орнында «биологиялық өлім» тіркеді.
Жедел жәрдем оқиға орнына 4 минуттың ішінде жеткен. Қала бойынша 14 шағын қосалқы стансамыз бар. Соның бірі осы сауда орталығына жақын жерде орналасқан. Хабар түскенде бригада сол стансадан шықты», - дейді басқарма өкілі.