16 мам, 2022 сағат 14:46

Елордада ҚХА Журналистер клубының отырысы өтті


Елордада «Жалпыхалықтық плебисцит: жаңа мүмкіндіктер мен даму болашағы» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубының отырысы өтті, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.

Іс-шараға АҚДМ «Қоғамдық келісім» РММ директоры Ғалымжан Құсманғали, «Abai tv» телеарнасының директоры Азамат Кеңесұлы, сондай-ақ басқа да танымал журналистер, блогерлер және Нұр-Сұлтан қаласы этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

Отырыстың ашылуында сөз алған АҚДМ «Қоғамдық келісім» РММ директоры Ғалымжан Құсманғали референдумның маңыздылығына тоқталып өтті.

"Президент ұсынған реформалар - ел өмірінің барлық саласын қамтитын кешенді жоспар. Сол себепті ол өзгерістерді өмірге енгізу бәріміздің, яғни әрбір Қазақстан азаматының атсалысуын қажет етеді. Әр қазақстандықтың пікірі ел тағдыры үшін маңызды. Референдум сияқты саяси тетіктің 27 жыл өткеннен кейін қолданылуы, алдағы уақытта қабылданатын шешімнің тарихи маңыздылығын тағы да бір мәрте айқындап отыр", - деді ол.

Ғалымжан Құсманғалидің сөзінше, Қазақстан халық ассамблеясы тәуелсіздік жылдары халық бірлігін нығайту ісіне белсенді араласты. Дегенмен өзгерістер қазіргі заман талабы. Бүгінгі басқосу соның бір тармағы болып отыр.

"Өйткені бұл отырыс ассамблеяның өзімен қатар, құрылымдарының да, оның ішінде Журналистер клубының да жұмысын жаңа форматқа көшірумен тікелей байланысты. ҚХА жанындағы Журналистер клубы этносаралық татулықты нығайтып, журналистік этика қағидаттарын қалыптастырып, жауапкершілікті күшейту үшін республикалық және өңірлік БАҚ-тың өкілдерінің, атап айтқанда, журналистердің, блогерлердің, сарапшылардың күш-жігерін бір арнада тоғыстыру мақсатында 2019 жылы құрылған", - деді «Қоғамдық келісім» директоры.

Ол бүгінгі отырыста Журналистер клубы мүшесінің жаңа құрамы жиналып отырғанын еске салды. Клубтың төрағасы - «Abai tv» телеарнасының директоры Азамат Кеңесұлы.

Айта кетейік, кездесу барысында қатысушылар ашық әңгіме форматында қазіргі таңда елдегі өзекті мәселелердің бірі – конституциялық реформалар мен республикалық референдум жайында сөз өрбітті.