17 шіл, 2019 сағат 12:20

Елордада 46 мың адам баспана кезегінде тұр

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордалықтарды баспанамен қалай қамтитынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорда әкімдігінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында жүктелген міндеттерді орындау бойынша жиын өтті.

Алтай Көлгінов қала активінің алдында Мемелекет басшысының тапсырмалары қалай жүзеге асатынын баяндады.

«Зерттеу қорытындысы көрсеткендей, ең негізгі әлеуметтік мәселе – тұрғын үй. Баспана кезегінде 46 829 адам тұр. Олардың ішінде көпбалалы отбасылардың саны – 3 501», - деді қала басшысы.

Әкімнің айтуынша, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 24 көпбалалы отбасы баспанамен қамтылған. Бұл жұмыстар әлі да жалғаспақ.

«Биыл коммуналдық тұрғын үй қорынан 1634 пәтер бөлеміз. Оның 731-і арендалық негізде беріледі. Оның 233-іне көпбалалы отбасылар иелік ететін болады. Биыл барлығы 1500 тұрғын үй сертификатын беру жоспарлануда. Оның 1 мыңы көпбалалы, толық емес, мүгедек балалары бар отбасыларға беріледі, 500 сертификат білім, денсаулық сақтау және полиция департаментің қызметкерлеріне үлестіріледі», - деді Алтай Көлгінов.

Баспанамен қамту шаралары «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында да жалғасатын табатынын айтқан елорда әкімі мемлекеттің бұл түрғыдағы мүмкіндігі шексіз емес екенін еске салды.

«Мемлекет бір мезетте барлығына бірдей баспана бере алмайды. Бірақ, біздің қолымызда басқа да тұрмыстық мәселелерді шешетін мүмкіндіктер бар», - деді ол.

Еске салсақ, кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізген болатын.