ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус пандемиясының ел экономикасына әсері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Коронавирустың әлемдік экономикаға қалай кері ықпал еткенін көрдік. Іс жүзінде бүкіләлемдік экономикалық жүйені қайта жаңғырту мәселесі қойылып отыр. Қазақстан да осы ауқымды дағдарыстың салдарын сезінуде», - деді Мемлекет басшысы телеарналар арқылы жолдаған үндеуінде.
Оның айтуынша, экономикалық катаклизмдерге қарамастан, әлеуметтік шиеленіс пен жұмыссыздықтың артуына жол бермес үшін барлық шаралар қолданылады.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында еліміздің халықаралық резервтері шамамен 90 млрд долларға жетті. Бұл – экономикамыздың тұрақтылығын сақтаудың және мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындаудың маңызды кепілі. Біз бюджеттік шығындарды максималды тиімді болатын бағыттарға қайта бұрамыз. Отандық кәсіпкерлерді қолдауға және жаңа жұмыс орындарын құруға кем дегенде 300 млрд теңге бөлінеді», - деді Қ. Тоқаев.
Естеріңізге сала кетсек, ҚР Президентінің Жарлығымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурыз 08 сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуір 07 сағат 00 минут аралығында төтенше жағдай енгізілді.
Сондай-ақ Қазақстан азаматтарына 15 сәуірге дейін ел аумағынан шығуға тыйым салынды.
Қазақстан Президенті отандық кәсіпкерлерді қолдауға және жаңа жұмыс орындарын құруға ең кемі 300 млрд теңге бөлінетінін жеткізді.