Қазақстандағы ломбардтар, онлайн-компаниялар және микроқаржы ұйымдардың жұмыстары тексеріліп жатыр. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 26 ақпандағы кеңесте берген тапсырмасын орындау мақсатында Агенттік ломбардтардың қызметін заңнама талаптарына сәйкестігі, қаржы пирамидасының белгілерін және заңсыз банк қызметін анықтау тұрғысынан тексеру бойынша шаралар қабылдады. Тексерулер ҚР Бас прокуратурасымен, ҚР Қаржы министрлігімен және ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылуда.
2020 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанның 17 қаласында 276 ломбардқа, халыққа қарыз беретін 11 онлайн-компанияға және 1 микроқаржы ұйымына тексеру жүргізілді.
Агенттік Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және орта кәсіпкерліктің қарыздары бойынша негізгі борыш және сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру туралы тапсырмасын орындау мәселелерін тексеруде. Бұдан басқа, Агенттіктің тексеру мәселелерінің аясына сыйақыны дұрыс есептеу, микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті мөлшерін сақтау, айыппұлдар мен өсімпұлдар есептеу, бухгалтерлік есепті ұйымдастыру және жүргізу, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл (КЖ/ТҚҚ) туралы заңнаманың талаптарын сақтау кіреді.
Прокуратура органдарымен бірлесіп, Агенттік қаржы пирамидасының және заңсыз банк қызметінің белгілерін тексереді. Мемлекеттік кірістер органдары камералдық бақылауды қоса алғанда, салықтық есепті ұйымдастыру және жүргізу мәселелерін тексереді. Ішкі істер органдары үй-жайлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды тексеруді, талап етілмеген кепіл мүлкінің ұрланған немесе заңсыз жолмен алынған мүлікті анықтау тұрғысынан тексеруді жүзеге асырады.
Тексерулердің алдын ала нәтижелері бойынша ұйымның есеп саясатының болмауы бөлігінде бухгалтерлік есепті ұйымдастыру мен жүргізу, операцияларды бухгалтерлік есепте тиісті түрде көрсетпей жүргізу, жасалған қаржылық есептіліктің болмауы; Кредиттеу қағидаларына сәйкес келмеу, сондай-ақ қарыз шартының сәйкес келмеуі бөлігіндегі; жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) 100%-на асып кету және қарыз шарттарында ЖТСМ-ды көрсетпеу; бір жылдан астам мерзімге қарыз беру бөлігінде; кепілге салынған мүлікті сатқаннан кейін қарыз алушыдан берешектің қалдығын талап ету құқығы бөлігінде; Ұйымның жарғысында көрсетілген қызмет түрлерінің сәйкес келмеуі сияқты жүйелі бұзушылықтар және басқа бұзушылықтар анықталды.
Анықталған бұзушылықтар бойынша тиісті жауапкершілік шараларын анықтау және қолдану мақсатында оларды жіктеу жүзеге асырылады.