Бүгін «Қаскелең» агропаркінде болған іс-шарада алқабтағы астық жинау машинасын адамның қатысуынсыз басқаруға болатыны туралы айтылды.
Аталған комбайн John Deere S760 деген атауға ие. Ол өз кезегінде «автопилот» режимінде дәнді-дақылдарды жинап, арнайы ойластырылған бағдарламасы арқылы алқабтағы астық жинау машинасын адамның қатысуынсыз басқарады екен.
Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниевтің айтуынша, іс-шара ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге үздік сұрыптардың өнімділігін арттыру үшін әзірленген жаңа технологияларды енгізу нәтижелерін көрсетуге мүмкіндік берді. Олардың ішінде No till – суарылмайтын жерлерде қарқынды өсімдіктерді егіп өсіру технологиясын ерекше атап өтуге болады.
Тағы да айта кететін жайт, бүгін Алматы облысына қарасты «Қаскелең тәжірибелік шарушылығы» ЖШС базасында «Нақты егін шаруашылығын жүзеге асыру үшін инновациялық агротехникалық паркі» пилоттық жоба ретінде құрылды. Оның негізгі бағыттары – жүгері, соя, жаздық бидай, арпа және басқа да перспективалы дақылдарды өсіру. Жоба агроөнеркәсіптік кешенді цифрлық жүйеге көшіру аясында іске асырылды. Ол электронды суаруды енгізу, дрондардың көмегімен жерді қашықтықтан алдын ала тексеру, роботтандырылған астық жинау және спутникпен байланысты метеостанцияға дейін тыңайтқыштарды автоматты түрде енгізу сынды бағыттарды қамтиды.
Аталған шараға ҚР АШМ және «ҰАҒБО» КеАҚ басшылығы, Алматы және Алматы облысы әкімдіктерінің өкілдері мен Германия, Швейцария, Франция, АҚШ және т.б. шетелдік аграрлық кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Цифрлық технологиялардың кеңінен қолдану бірқатар тиімділіктерді әкелген. Мәселен, жаздық бидайды дәстүрлі және инновациялық технологиялар арқылы өндіру шығындарының айырмашылығы бірден байқалады. Дәстүрлі технология кезінде таза пайда 85 мың теңге/га құраса, инновациялық технологияларды пайдалану кезінде 232,5 мың теңге/га дейін жетеді. Осындай тәжірибе басқа да дақылдарға, яғни жаздық арпаға, жүгері гибридтеріне, соя түрлеріне де жүргізіліпті. Ең бастысы - инновациялық технологиялардың барлық экономикалық көрсеткіштері дәстүрліден жоғары екен.
Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы министрлігімен жүзеге асырылып жатқан жобалар бизнеске қосымша шығынсыз үздік әлемдік жетістіктерді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа технологиялар отандық бизнеске экономикалық шығындарын айтарлықтай төмендетіп, өнімділікті жоғарылатуға әсер етеді.