13 шіл, 2018 сағат 16:50

Елімізде және ТМД мемлекеттерінде цифрландыру процесі қалай жүріп жатыр?

30 мамыр күні елордада SAP форум деп аталатын бизнес-конференция өтті. Аталған басқосуда инновациялық тәжірибелер мен цифрлық трансформацияның бизнестегі және мемлекеттегі жаңа технологиялары туралы баяндалды. Оған отандық және шетелдік эксперттер қатысып, цифрландыру туралы ойларын ортаға салған болатын. Сондай-ақ, қазақстандық алпауыт компаниялардың басшылары келіп, өз компанияларында цифрландырудың қалай жүріп жатқанын айтып берді. Осы форумда SAP компаниясының ТМД елдері бойынша директоры Илья Юрьевпен әңгімелесудің сәті  түсті.

Мендегі ақпарат бойынша сіз SAP компаниясының ТМД мемлекеттері жөнінен басқарушы  директорысыз?

- Иә, SAP-дің ТМД елдері бойынша төрағасымын!

Сізден Қазақстандағы және ТМД-дағы цифрландыру процесі туралы сұрасам деген едім. Қазіргі таңда осы мемлекеттерде цифрландыру процесі қалай жүруде?

- Бүгінде біз көптеген мемлекеттерде цифрландыруға қатысты қызығушылық білдіріп отырмыз. Сәйкесінше, бір мемлекет мұны қолдаса, екіншісі қолдаймайды. Яғни, қолдаушылық деңгейі әртүрлі. Ал, Қазақстан  цифрландыруға басым бағыт берген көшбасшы мемлекеттердің бірі.

ТМД мемлекеттеріндегі халық цифрландырудың маңызы мен пайдасын біле ме?

- Өте қиын және қарапайым сұрақ! Цифрландырудың пайдасы міндетті түрде бар. Сіз бен біз тұрмыстық өмірде жаңа технологияларды қолданамыз. Цифрлық технологиялардың беретін пайдасы түрлеріне қарай көпқырлы болып келеді. Біздің қазіргі таңдағы басты міндеттеріміздің бірі – аталған мемлекеттерге цифрлық технологиялардың сан түрлерін жасап, оның жергілікті халыққа пайдасын түсіндіру. Біз жасаған жаңа технологияларымызды алдымен таныстырамыз. Бір көргеннен тауарды алмауы мүмкін, дегенмен – күннен соң келіп сатып алып жатады. Яғни, біртіндеп пайдасын түсінуде.

Неліктен дамыған елдердің барлығы цифрландыруға басымдық береді? Не үшін трендте болғысы келеді?

- Менің ойымша, әлемдегі кез келген мемлекеттің экономикасына цифрландыру мен автоматтандыру міндетті түрде әсер етеді. Сондай-ақ, елдің бәсекеге қабілетті болуына да жағдай жасайды.

Осындай тиімділіктерін білгендіктен де дамыған және дамушы елдер цифрландыруға ұмтылады ғой?

- Иә, экономикалық өсім, әлеуметтік жағдайдың жақсаруы барлығы технологияларға байланысты. Қазіргі таңда барлық дамыған елдер цифрлық технологиялардың аса жоғары бағалайды. Дамушы елдер де алға жылжу үшін мұндай технологияларды қолданады. Бір ғана мысал келтіре кетейін, Африка дамудың эволюциялық жолын таңдап жатқан кезде, бүкіл Еуропа елдері ақпараттық технологияларды таңдады. Сондықтан, өздеріңіз білетіндей бүгінде Еуропаға цифрландыру толықтай енді. Цифрлық технологиялар аталған мемлекеттерге уақыт пен ресурсты үнемдеуге көп көмек жасауда.

Цифрлық технологиялар бизнестің дамуына қалай әсер етеді?

- Менің ойымша, бизнесте жаңа технологиялардың болуы шығындарды азайтып, еңбек өнімділігін арттырады. Кәсіпорындарда адам істейтін істерді машиналар жасап, өз тиімділіктерін көрсетеді. Бизнесті басқару менеджментіне де айтарлықтай үлес қосып, шешім қабыдауға оң әсерін тигізеді. Сондай-ақ, «Үлкен деректер» болмаса логистика саласы, өндіріс орындары артта қалып, тоқырауға ұшырайды.

Қазақстандағы цифрландыру процесін қалай бағалайсыз? Даму келешегін қалай көресіз?

- Менің пайымымша, Қазақстан цифрландыруды мемлекеттік тұрғыдан қолдайтын көшбасшы елдердің бірі. Яғни, кез келген салада кеңінен қолдануға ұмтылып жатыр. Бұған қатысты «Цифрлық Қазақстан» атты бағдарламасы бар. ТМД елдерінің ішінде Қазақстан мен Ресей Федерациясы цифрландыру процесіне басымдық беруде. Тағы да айта кетерлік жайт, цифрландыру 1 жылға ғана созылмайды, ол бірнеше ғасырларды қамтып, жаңа технологиялар бірінің орнын бірі алмастырып отыра береді.

Соңғы сұрақ, ең қызықты десек те болады. Сіз қалай АТ саласына келдіңіз? Қандай оқиға әсер етті?

- Иә, шынымен өте қызықты сауал. Мен еңбек жолымды журналист ретінде бастағанмын. Содан бірнеше жылдар бұрын тележурналистика цифрландыруға өтті. Одан кейін, интернет басылымдар да пайда бола бастады. Сол кезде қызмет ететін компаниямда мен интернет медианы басқардым. Осылай АТ-саласына ендім десе де болады.

Сұхбаттасқан Назерке Еркінқызы