27 нау, 2024 сағат 15:28

Елімізде утильалымға қатысты ешқандай өзгеріс болмайды – Қанат Шарлапаев

Фото: Мухтар Холдорбеков/Kazinform


Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев елімізде утильалымға қатысты ешқандай өзгеріс болмайтынын мәлім етті, –  деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Kazinform-ға сілтеме жасап.


Бүгін Парламент Мәжілісіндегі баспасөз мәслихатында тілшілер министрден «утильалымды төмендетуге ведомство неге қарсы?» екенін сұрады. 


«Қазіргі кезде утилизация алымына қатысты ешқандай өзгеріс жасамаймыз. Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметін атқарып жатырмын. Бұл ретте, менің жұмысым кәсіпорындарды дамыту және олардың қуатын арттыруға қатысты. Қазір Қазақстанда 2 автокөлік зауытын салып жатырмыз, сондай-ақ осы салаға көптеген жұмыс орны ашылады. Яғни осыны ешкім ескеріп жатқан жоқ. Қазіргі текетірес неге байланысты? Екі зауытты салып жатырмыз. KIA көлігін шығаратын зауыттың құрылысы 2025 жылдың ортасында аяқталады. Алматы қаласының маңында қуаты 90 мың көлік өндіретін салып жатырмыз. Ондағы жұмыс орындарын кім сақтайды? Мен депутаттарға осындай сұрақ қойдым және тағы да қоямын», - деді Қанат Шарлапаев.


Бұл тұрғыда еліміздегі автокөліктің бағасын басқа елдермен салыстырды.


«Түркияда және тағы басқа елдерде көліктің бағасы біздегі көрсеткіштен сәл жоғары немесе тең. Сондықтан Қазақстандағы кәсіпорындарды және жұмыс орындарын сақтау үшін бізге протекционизм жасауымыз керек деп ойлаймын», - деді министр.


Осыған дейін Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев утильалым бағасын төмендетуді ұсынған еді.