29 сәу, 2022 сағат 17:26

Елімізде спорттың 15 түрін іріктеп, соларды дамытуға ерекше күш салады


Елімізде дамуына басым бағыт беретін спорт түрлерінің тізімі жасалды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жеткен жетістікті де, кемшілікті де жасыруға болмайтын саланың бірі – спорт. Оның нәтижесі БАҚ-та кеңінен сөз болып, қоғам талқысына түседі. Өздеріңіз білетіндей, жақында 2 маңызды халықаралық спорт оқиғасы өтті. Ол - Токиода өткен жазғы Олимпиада және Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындары. Қазақстан құрамасының аталған ойындарда көрсеткен нәтижесі ойдағыдай болмады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл ақпан, наурыз айларында 6 өңірдің жұмысына талдау жасалып, бірқатар өзекті мәселелер анықталды», - деді Самат Ерғалиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, елімізде аккредиттелген 179 спорт түрі бар және аталған салада бірқатар реформа қолға алынған. 

«Саралау бойынша оның барлығына мемлекет бюджетінен қаржы қарастырылған. Алайда спорт түрлерінің бәрін бірдей толыққанды дамыту мүмкін емес. Сондықтан, соңғы 10 жыл ішінде өткен Олимпиада, Азия ойындарындағы ұлттық құрама командалардың жетістіктерін ескере отырып, министрлік басым спорт түрлерінің тізімін анықтады», - дейді ол. 

Осылайша, аталған ведомство 15 спорт түріне басым бағыт беріп отыр. 

Ол - бокс, ауыр және жеңіл атлетика, жүзу, велоспорт, дзюдо, әйелдер күресі, грек-рим күресі, еркін күрес, таеквондо, биатлон, мәнерлеп сырғанау, фристайл және шаңғы жарысы. 

«Дегенмен осы 15 спорт түрінің ішінде тек 6-7 спорт түрлері Олимпиада және әлем чемпионаттарында жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүр. Жоғарыда аталған спорт түрлері бойынша алдағы уақытта өңірлердің жұмысын бағалау жүйесі әзірленеді. Спорт ғалымдары мен білікті мамандарды осы спорт түрлерін дамытуға жұмылдырамыз», - дейді комитет басшысы.