Елімізде «Қазақстан спортын трансформациялау» жобалық кеңсесі құрылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" МСМ сілтеме жасап.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың бастамасымен құрылған жобалық кеңсені басқаруға Қамбар Омаров тағайындалды.
Оған ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, сондай-ақ Тұрсынғали Еділов, Василий Жиров, Александр Винокуров, Елдос Сметов, Ислам Баймұханова, Юрий Мельниченко, Айдар Махметов, Бақтияр Артаев сынды атақты спортшылар мен жаттықтырушылар кірді. Команданың құрамында 55 адам бар.
Жобаның мақсаты – салауатты әрі спортпен айналысатын ұлтты жаңғырту.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жобалық кеңсенің таныстырылымында сөз алып, Токиода өткен Олимпиаданың нәтижесін үздік деуге әлі ерте екенін айтты.
«Қазір бәріміз де күтілетін нәтиже мен сұраныстың артқанын сезінеміз. Дегенмен қай-қайсымыз да спорттық әлеуетіміз бар екеніне сенімдіміз, оны тек дамыту қажет», – деді министр.
Ақтоты Райымқұлова ең алдымен әр спорт түріне терең талдау қажет екенін де айтып, назардан тыс қалдырған жоқ.
«Біз Олимпиадада неліктен төмен нәтиже көрсеткенімізді, оның нақты себебін анықтауымыз керек. Талдау нәтижелеріне сүйене отырып, Қазақстанда спорттың толық трансформациясын қалай тиімді құру болатынын түсінеміз. Біз үлкен мақсат- міндеттерді белгіледік, енді оларды бәріміз бірге жүзеге асыруымыз керек. Өз қызметіміздің аспектілерін жақсарту үшін әрекетке көшуіміз қажет», – деді министр.
Бұдан әрі қарай министр нақты ұсыныстарын айтты.
«Бізге адамның әл-ауқаты мен денсаулығына нұқсан келмейтіндей тұтас трансформация қажет, жаңа технологияларды қолдануымыз керек», – деп түйіндеді министр.
«Қазақстан спортын трансформациялау» жобалық кеңсесінің үйлестірушісі, ұлттық жобалық кеңсенің жетекшісі Арман Евниев жобаларды басқарудың жай ғана құрал екенін, бұл өз алдына жеке мақсат емес екенін айтты.
«Жобалық менеджмент – мақсатына халық денсаулығы, бұқараның көпшілік дене шынықтыруы, спорттағы жоғары жетістіктер кіретін құрал. Негізінде бұл – ынталандыру. Біз жобаны басқаруды құрал ретінде қарастырамыз, ал жобалық кеңсе – бұл бәрі ашық өтетін айқын алаң. Біз алға қойылған мақсаттарды келісіп, алға жүріп келеміз. Бұл – 2025 жылға дейінгі қоғамды дамытудың ұлттық жоспарын жүзеге асырудың құралы. Ендігі міндет – қоғам мен мемлекеттің өзара әрекеттесуін ұйымдастыру. Иә, ақша бөлінгенде, тиімділіктің негізгі көрсеткіштері шыққан кезде артта қалушылық болды, дегенмен тұтастай алғанда бытыраңқылық болды.
Жобалық менеджмент бізге нақты портфель – бағдарлама туралы түсінік береді. Мысалы, жоғары жетістіктер спортын алайық, мұнда әр бағдарлама жобалар тобына бөлінеді. Бірақ бірыңғай стратегия бар және әр жоба, сайып келгенде, біртұтас пазлға айналады. 10 стратегиялық басымдық және 18 индикатор бар.
Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың даму жоспарлары. Мұндай типтік құрылым әрбір орталық және жергілікті органда бар. Барлық министрлік, барлық агенттік осы құрылыммен жұмыс істейді. Типтік ереже бар. Жоғарыдан және әр ауылға дейін барлық мәселе қаралады. Нормативтік база бар және сол бойынша жұмыс істеу қажет. Әкімнің әр орынбасары өзіне сеніп тапсырылған индикаторға жауап береді.
Міне, жобаны басқарудың революциялық әдісі – скрам-график. Апталық спринт қолданылады. Аптасына бір рет біз барлығымен байланысқа шығамыз. Қазақстанда 160 федерация бар, жобалық кеңсеге біз тек олимпиадалық спорт түрлері бойынша енгіздік. Бұл ХҚКО сияқты жұмыс істейді, біз заңнамалық тетіктерді, қаржыландыруды әзірлейміз.
Депутат Ирина Смирнова сөзден гөрі нақты істерге көшу керек деген ұстанымын білдірді.
«Біз дамудың қай тұсында екенімізді нақты білуіміз керек! SWOT талдауын жасау қажет. Балалар спортында бізде сыбайлас жемқорлық, алаяқтық дамып жатқанын және ол ақша ұсынатын ата-аналардың есебінен жұмыс істейтінін мойындау керек. Егер Алматы қаласы бойынша бұрын 36 балалар мектебі болса, қазір олардың онында ғана өз ғимараты бар, қалғандары жалға берілген. Бір жалға алушы екіншісіне, ол үшінші жалға алушыға береді. Бассейндер де жалға беріледі. Сыбайлас жемқорлық барлық спорт түрін шарпыды. Италиялықтар Талдықорғанда 20 млрд теңгеге халықаралық деңгейдегі бассейн салды, алайда шын мәнінде талапқа сай емес. Трамплиндермен де солай. Шынайы өмір сүруіміз керек – біз сияқты ақша жұмсамаған Қырғызстанның қалай өнер көрсеткенін қараңыздар. Біздің бапкерлер кеткен Өзбекстан, оларға лайықты деңгейді қамтамасыз ете алмадық, көптеген қателіктер жібердік. Мемлекеттік ақша құю марафонын жасап кеттік. Мемлекет барлығын қаржыландыруы міндетті емес! Азаматтық қоғамға сүйену керек! Мен жеке спорт мектептерін қолдаймын», – деп түйіндеді депутат И. Смирнова.
«Қазақстан спортын трансформациялау» жобасының жетекшісі, CSI group консалтинг компаниясының басқарушы серіктесі, «ҚазАқпарат» директорлар кеңесінің мүшесі, МСМ жобалық кеңсесінің ахуалдық-талдау орталығының басшысы Қамбар Омаров ақшаның қайда түсіп жатқанын анықтау қажеттігіне назар аударды. Оның пікірінше, стратегиялық басқаруды енгізе отырып, заңнаманы жетілдіру қажет. Бүгінде 7 бағыт әзірленді.
Vista спорт клубы ЖШС бас директоры Александр Разниковтың айтуынша, жекеменшік спорт мектептерін көбірек ашу керек. Оның мектебінде балалар тегін футбол, баскетбол ойнап, тауға өрмелеуге жаттығады. Александр Разников жасөспірімдер спортында жетістіктер болуын міндеттеу керек деп санайды.
Ол сондай-ақ инфрақұрылым мәселесін қозғады. Инфрақұрылымның жоқ екенін алға тартты. Көптеген балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері іріктеуден өтпеген балаларды қабылдайды.
Талқылау барысында тағы бірнеше ұсыныс келіп түсті. Олардың бірін Даму стратегиясы мен сыртқы байланыстар жөніндегі жобалар тобының жетекшісі, Қолданбалы этнополитикалық зерттеулер институтының директоры, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесі, саясат ғылымдарының кандидаты Талғат Қалиев айтты.
Ол демалыс күндері де фитнес-клубтардың жұмыс істеуін ұсынды. Оның пікірінше, еңбек пен қорғанысқа дайындық нормаларын қайта жаңғыртып, жаппай спортпен айналысуға ынталандыру қажет. Белгі иегерлері үшін университетке грант алу кезінде артықшылықтарды қарастыру да керек. Бұдан әрі Талғат Қалиев медициналық сақтандырудың пайдаланылмаған ақшасын тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалардың спортпен шұғылдануы үшін жеке спорт клубтарына көмекке жіберуді ұсынды.
ҚР ҰОК Ұлттық спорт түрлері дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов 2018 жылы барлық өңір бойынша проблемаларға және оларды шешу жолдарына талдау жүргізілгеніне назар аударды.
«Біз бұқаралық спорт пен спорт резервтерін дамытуға мүдделіміз. Неге біз ауылдық жерде спортшыларды дайындайтын, ауылдық жарыстар өткізетін республикалық ауылдық клуб құрмаймыз?» – деді ол.