18 нау, 2020 сағат 06:25

Елімізде декларация тапсыру мерзімі 30 күнге ұзартылады

Елімізде заңды және жеке тұлғаларға декларация тапсыру мерзімі 30 күнге ұзартылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.

«Елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты заңды және жеке тұлғаларға декларация тапсыру мерзімі төтенше жағдайдың уақытына сәйкес келгендіктен, ол 30 күнтізбелік күнге, яғни 2020 жылдың 30 сәуіріне дейін ұзартылады», делінген хабарламада. 

Алайда, салық есептілігі нысандарын электронды түрде тапсыру қажет.

«Осылайша, 2020 жылдың 30 сәуіріне дейін тапсырылған электронды декларациялар уақытында табыс етілген болып саналады.

Бұл ұзартулар 2019 жылдың 100.00, 110.00, 150.00, 180.00, 220.00, 230.00, 240.00, 700.00, 860.00, 870.00, 871.00, 912.00, 920.00 нысандарына қатысты қолданылады», делінген хабарламада.

Комитеттің мәліметінше, мерзімнің ұзартуына қатысты салық төлеушіге қандай да бір қосымша өтініш пен хабарлама жолдаудың қажеті жоқ.

Сондай-ақ. 1 сәуір мен 30 сәуір аралығында тапсырылған нысандар бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылмайды.