02 қар, 2016 сағат 14:55

Елімізде алғашқы жылқы музейі ашылды

«Мал сырлас, аттың сыры маған мәлім, Жырым – жылқы, жүйрік ат –салған әнім. Аспан асты, жер жүзі кең сахара, Күн көріп атам қазақ келген мәлім», деп кезінде Ілияс Жансүгіров жырлағандай, жылқыны қадір­лемейтін, жылқының қасиетін ардақтамайтын қазақ жоқ шығар. «Адам жылқы мінездес» деп сондықтан да айтылса керек.

Мұны жазып отырғанымыздың өзіндік үлкен мәні бар. Өйткені, таяуда Астана жұрт­шылығына Батыс Қазақстан облысының 12 ауданы мен Орал қаласы кәсіпкерлер жалпы салмағы 200 тоннадан астам азық-түлік әкеліп, молшылық пен тоқшы­лық­тың көрігін қыз­дырған жәр­меңкесін халық ұмыта қой­ма­ғаны хақ. Сол кезде азық-түлік­ке қойылған бағалар шамамен 30 пайыздай арзан болған еді. Сонда аталған облыстағы ет өнді­руші аудандардың бірі саналатын Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Мағазұлы: «Біз ауданнан 2 тонна жылқы етін, 2 тонна сиыр етін әкелдік. Өнімдеріміз сапалы, санитарлық нормаларға сай. Бағасы да жергілікті ет­тің баға­сынан арзан», – деген болатын.

Әрине, осы кезде біз атал­ған ауданның әкімі Нұрлан Бек­қайырға жолы­ғып, әңгіме­лестік. Ондағы мақса­тымыз, елі­міздің сонау бір қиы­рын­дағы облыс орталығынан шалғай жатқан аудан ахуалы туралы аз-кем болса да мәлімет алу еді. Бірақ біз ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына шын мәнінде ерекше тарту болатын үлкен бір жылы жаңалыққа тап болдық.

Аудан әкімімен әңгімелесу барысында көптеген игі жұмыстар атқарылып жатқандығын естідік. Бұл жақтың қысқы ауа райы да қатал екендігі белгілі. Соған орай ауданның 16 ауылдық округтің барлығы жиын-терімді толық аяқтаған. Ал мұнда 75 мыңға тарта ірі қара бар. 300 мыңға тарта ұсақ мал, 21 мыңнан астам жыл­­қы және бар. Осы малдың бар­­лығын қамтамасыз ететіндей деңгейде жем-шөп толығымен дайын­далған. Алда келе жатқан ел Тәу­елсіздігінің 25 жылдығына нендей шаралар атқарып жатырсыздар деген сұрағымызға Н.Бекқайыр аса мақтанышпен ақтарыла әңгі­мелей жөнелді. Расында, әкім айтса айт­қандай екен, аудан халқы өзге өңірлерге үлгі тұтарлық іс­тер­ді атқарып жатқанына куә болдық.

«Біздің аудан Тәуелсіздіктің 25 жылдығына 25 игі іс арнауды қолға алды. Тәуелсіздікке тарту ретінде біз не бере аламыз? деп шын мәнінде жауаптылықпен жұмыс істейтіндер қатары кө­бейді. 25 жылдыққа – 25 игі іс атқаруды ұсынған да біздің аудан жұртшылығы. Мысалы, біреуі бір ауылға монша салып беруді ұсынса, келесісі халықтың игілігі үшін ойын алаңын жабдықтайды, тіпті өз қаржысымен дәрігерлік пункт салып беріп жатқан азаматтар да бар. Солардың қатарында, ерекше атап айтуға тұратыны, Қошанкөл ауылында еліміз бойынша алғашқы «Сәйгүлік» жылқы музейінің ашылғаны деді аудан әкімі

Ал осы жайлы бастама көтеріп, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тарту ретінде жылқы музейін ашуды ұсынған аудандық «Ауыл айнасы» газетінің редакторы Серік Жұмағалиев деген азамат көрінеді. Ауданның бір ауылдық бөлімшесін былай қойғанда, талай орталық мұражайлардың өзінен тек жылқыға қатысты жәдігерлер табу қиын ғой. Сондықтан жо­ғарыда айтылғанындай, Серік Жұма­ғалиев пен аудандық мәс­ли­хат депутаты Гүлфия Көш­баев­а және атқұмар Аманжол Қа­жы­ғалиев бастаған топ ел арасы­нан жәдігерлер жинапты. Ат­бе­гілермен, жылқы ұстайтын аза­мат­тар­мен сөйлесіп, қай жерде қан­­д­ай жәдігер болуға жарайтын зат бар, соларды әкелуге тырыс­ты. Көр­­шілес облыстарға барып қайт­қан.

Қазір ғимарат толықтай жаб­дықталды. Мұражайға «Сәй­гүлік» деп ат қойдық. Бұл – біздер үшін мақтаныш. Мақтанышпен айта отырып, өз жұмысын бастаған мұражай өскелең ұрпаққа ата кәсіптің қыр-сырын үйренуге одан әрі септігін тигізеді деп са­най­мыз. Бұл біздің ауданның Тәуел­сіздіктің 25 жылдығына жасаған ең үлкен сыйымыз болды деген ойдамыз», – деді Қаз­талов ауданының әкімі Нұрлан Бек­қайыр.

Иә, жылқы десе елең етпейтін қазақ жоқ. Мінсең – көлік, жесең – ас. Жоғарыда айтқанымыздай, оның тәтті әрі құнарлы еті мен шипасы мол дәмді қымызын кім ішкісі келмейді дейсіз. Соның етін де, қымызын да Қазталов ауданының еңбеккерлері елор­далық тұрғындарға тарту етті. Қазақтың жылқысына құрметі үшін арнайы музей де ашты.

Осы арада дерек үшін айта кетейік, елі­міз егемендігін алған­нан кейін, Көкшетауда жылқы пірі «Құлагерге» ескерткіш орнатылды. Ал әлемнің 30 елінде тек жылқыға, тағы 30-дан астам елінде жылқыға жанама түрде арналған музейлер бар екен. Мына көршіміз Ресейдің өзінде арнайы жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, бір­­неше жылқы музейлері бар. Жапония, Англия, Испания се­кілді елдерде жылқы музейлері әлде­қашан ашылған. Сондықтан Жер шарындағы 250 тұқымнан тарайтын 65 млн жылқының шыққан жері, яғни тараған өлкесі қазақ даласы десек, соған орай осы кезге дейін талай адамды елі­мізде неге жылқы музейі жоқ деген орынды сұрақ мазалайтын еді. Енді, міне, соның олқылығын Қазталов ауда­нында ең алғашқы болып ашылған «Сәйгүлік» жылқы музейі толтырады деп са­най­мыз. Толтырмаса да игілікті істің бастауына Қазталов ауданы айналғаны айдай анық.

Александр ТАСБОЛАТОВ,

«Егемен Қазақстан»