30 шіл, 2025 сағат 11:17

Елімізде 700-ге жуық мектеп кітапханасы жөндеуден өтеді

Фото: Total.kz

Шағын қалалар мен аудан орталықтарында және елді-мекендерде 1000 мектепті жаңғырту жұмыстары аясында 2025 жылы 700-ге жуық мектеп кітапханасы жөндеуден өтеді. Бұл шамамен 300 мың балаға заманауи және қолайлы кітапхана кеңістігін пайдалануға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Ult.kz.

Мектептерде кітаптарды автоматты түрде есепке алатын және жедел іздейтін RFID технологиясы енгізілуде, ал 20-дан астам кітапханада сканерлеуші роботтар жұмыс жасайды. 2023 жылдан бастап «Балалар кітапханасы» жобасы аясында мектеп кітапханаларының қоры 1,6 миллион дана көркем әдебиетпен толықты. Бүгінде жалпы кітап қоры 141 миллион данадан асады.

Кадр даярлауға ерекше көңіл бөлінуде: тек 2024 жылы 1 775 мектеп кітапханашысы біліктілікті арттыру курстарынан өтті, ал 2025 жылы оқу жалғасады. Бұл — мектеп кітапханаларын балалар үшін шынайы білім мен қарым-қатынас орталығына айналдыру жолындағы маңызды қадам.