30 жел, 2025 сағат 16:34

Елімізде 21 жасқа толмаған әрбір жетінші азамат микроқаржы ұйымына борышкер

Фото: ашық дереккөз

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова еліміздегі 21 жасқа толмаған әрбір 7-азамат микроқаржы ұйымдарына борышкер екенін айтты, деп хабарлайды Ult.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымованың айтуынша, 18 бен 21 жас аралығындағы 137 мыңға тарта азамат микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Оның 13 пайызы, яғни 18 638 жас қарызын 90 күннен көп кешіктірген. Енді 20 жасқа толмаған азаматтар микро несие алу үшін ресми табыс көзін растауға міндеттелуі мүмкін. Бұл үшін жұмыс орнынан немесе оқу орнынан анықтама сұралады.

Агенттік осылайша борыш жүктемесінің өсуін тоқтатуға әрекет етпек. Қазір агенттік тұтыну несиесінің қатерін шектеу және халықтың шамадан тыс қарыздануын болдырмау бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатыр.

"Агенттіктің шамадан тыс қарыздануды төмендету, тұтыну несиесінің өсуін шектеу және халықтың борыш жүктемесін азайту жөніндегі шаралары оң нәтиже берді. Мысалы, 10 айда кепіл қойылмаған тұтыну несиесінің өсімі 13,2%-ға дейін баяулады. Былтыр бұл көрсеткіш 24,3%-дан асқан еді.  Өткен айда бизнес-секторға банктер тарапынан 156 млрд теңге қарыз берілген. Сөйтіп, жалпы берешек 18 трлн теңгеге жуықтады. Қарыз алушылардың басым бөлігі – ірі бизнес. Ал орта бизнес тарапынан банк қызметіне сұраныс аз. Өйткені оларға жеңілдік қарастырылмаған", – деді Мадина Әбілқасымова.