Қазір елімізде 155 мың тонна құс етіне арналған 12 жоба жобалау мен іске асырылу кезеңінде тұр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Салаға инвестициялар салынуда, жаңа қуаттылықтар іске қосылуда және қолда бар қуаттылықтар кеңейтілуде. «Макинск құс фабрикасы» (қуаты 25 мың тонна – бірінші кезең) пайдалануға берілді, «Әулие-ата Феникс» құс фабрикасында кеңейту (5 мың тоннаға) жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде, өндіріс 3 жыл ішінде 24 пайызға ұлғайып, 222,9 мың тоннаны құрады. Тиісінше, импорт үлесі 50 пайыздан 44,6 пайызға төмендеді», - деді министр Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.
С. Омаровтың сөзіне қарағанда, құс етімен қамтамасыз ету үшін жалпы қуаты 200 мың тонна болатын құс фабрикасы қосымша пайдалануға енгізілетін болады. Қазір елімізде 155 мың тонна құс етіне арналған 12 жоба жобалау мен іске асырылу кезеңінде тұр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілістегі Үкімет сағатында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қай өнімдер импортталатынын айтты.
Сонымен қатар ведомство басшысы елімізде шамамен 5,8 млн тонна сүт өндірілгенімен, сүт зауыттарының жүктелуі қазір шамамен 65 пайызды құрап тұрғанын жеткізді.