Елiмiзде 187 миллион гектар жайылым жердiң 100 миллионы осы күнге дейiн айналымға енбей, дәстүрлi мал шаруашылығын дамытуға толыққанды үлесiн қоспай келедi. Бұл туралы бүгiн Мәжiлiсте «Жайылымдар туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Жексенбай Дүйсебаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz порталына сілтеме жасап.
«Халқымыздың 45 пайыздан астамын құрап отырған ауыл тұрғындарын көптен берi мал шаруашылығын дамытудағы ең басты табиғи байлығымыз болып табылатын 187 млн гектар жайылымдық алқаптың осы күнге дейiн орынды түрде ұқыпты пайдаланылмай, өз нәтижесiн бермей, түбегейлi шешiлмей отырғандығы алаңдатып отыр», - дейдi Ж.Дүйсебаев.
Депутаттың сөзiнше, қазiргi таңда ауыл шаруашылығына тиесiлi жер ресурстарының 70 пайызы мал бағатын жердiң үлесiнде. Яғни, бiр малдың басына шаққанда 20 гектар жер көлемi бар. Бұл дегенiмiз, болашақта индустриялды-инновациялық дамыған, алдыңғы қатардағы аграрлық мемлекет болуға бiздiң толық мүмкiндiгiмiз бар.
«Iс жүзiнде кең байтақ жерiмiздiң 43 пайызы немесе 80 млн гектар жер ғана қолданыстағы жайылымдарға тиесiлi болып отыр. Яғни, мал басына шаққанда орта есеппен 2-3 гектардан аспайды. Кейбiр аймақтарда бұдан да кем. Норма бойынша 5 гектардан аз болмауы тиiс. Салдарынан 27 млн гектар жайылымдық жер деградацияға ұшырап, бұл көлем жылдан-жылға ұлғайып барады», - дедi ол.
Осындай жағдайдың қалыптасуының басты себептерiне тоқталсақ, бiрiншiден, 100 млн гектар жайылымдық алқап осы күнге дейiн айналымға енбей, дәстүрлi мал шаруашылығын дамытуға толыққанды үлесiн қоспай келедi. Екiншiден, ауылдық төрт түлiк малдың басым көпшiлiгi немесе 70 пайызы тек қана ауыл маңына жақын жерлерде шоғырланған. Үшiншiден, шалғайдағы жайылымдарды суландыру мәселесi толығымен шешiлмеген, инфрақұрылым объектiлерi дамымаған. Төртiншiден, мал басының басым бөлiгi ұсақ және қосалқы шаруашылықтарда болғандықтан, мал иелерiнiң экономикалық факторларға байланысты малдарын шалғайдағы жерлерге жаюға мүмкiндiгi жоқ. Бесiншiден, ауылдық округтердiң қарауындағы, яғни акционерлiк қоғамдарға, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктерге, шаруашылық қожалықтарына, орман, су шаруашылықтарына тиесiлi кейбiр жайылымдық жерлер заң жүзiнде реттелмегендiктен, бұл жерлер толық айналымға енгiзiлмей, нәтижесiн бермей отыр», - дедi депутат.
Айта кетейiк, «Жайылымдар туралы» заң жобасын Мәжiлiс депутаттары өздерi әзiрлеген.